Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов құрылыс-экономикалық колледжінің мәжіліс залында шаһардың солтүстік бөлігі тұрғындарының алдында есеп берді. Биыл да бұл шара “Facebook” әлеуметтік желісіндегі “Ашық Петропавл” және “Петропавл SQO” топтарында тікелей көрсетілді. Алдымен Марат Иманбайұлы облыс орталығының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, қалада атқарылған ілкімді шаруалар жайлы баяндады.
Соның ішінде екі ел Президенттерінің қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы, әлеуметтік-экономикалық дамудың оң серпіні, қаламыздың құлпыра түскені, жаңа ғимараттар мен саябақтардың салынуы, әсіресе “Жас өркен” шағынауданында жаңа қазақ театрының құрылысы туралы жаңалықты жиылғандар ду қол шапалақтап қарсы алды.
Былтырғы есеп беру кездесулері барысында түскен 400-ден астам өтініш-тілек орындалған. Соның ішінде 150-ден астамы – қаланың солтүстік аумағына қатысты. Тұрғындардың өтініші бойынша балаларға арналған 38 ойын алаңы жасалып, 26 аула асфальтталған, 34 өтініш бойынша апаттық жағдайдағы ағаштар кесілген, 25 тұрғын үйдің қасбеті сырланған. 6 көше жөнделіп, 19 аялдама, 8 жаңа бағдаршам және 44 жол белгісі орнатылған, 7 автотұрақ ашылған. Жүйелі түрде ұйымдастырылатын сенбіліктер, қаланы көркейту, көгалдандыру, ғимараттарды заманауи талаптарға сай безендіру бағытындағы жұмыстар бұдан әрі жалғасын таппақ. Қала әкімі аулалар мен көшелерді таза ұстау үшін тұрғындарды пәтер иелері кооперативтеріне бірігіп, төрағалардың басқаруымен осы жұмысты бірлесе атқаруға шақырды.
Одан соң шаһар басшысы есепті кездесу қарсаңында тұрғындардың жазбаша түрде тапсырған өтініш-тілектеріне жауап берді. Шағымдардың дені көшелерді жөндеу мен кеңейту, жол белгілерін орнату, аулаларды абаттандыру, жаңа саябақтар салу, яғни облыс орталығын одан әрі көркейте түсуге қатысты болды. Марат Иманбайұлы бұл мақсатқа қаржы қарастырылғанын, кейбір көшелерді жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенін, жұмыстар рет-ретімен біртіндеп жүзеге асырылатынын айтып сендірді. Биыл “Береке” шағынауданындағы Ухабов көшесінде және Хименко-Жәлел Қизатов көшелерінің қиылысында жаңа саябақтар салынбақ. Қалаішілік қоғамдық көлік жұмысына және автобус аялдамаларына қатысты сын көп айтылып жүргені белгілі. Бұл ретте әкім аялдамалар “Астана – 2013” жобасы аясында елордада орнатылғаннан кейін, бұл жоба біздің қаламызда да жүзеге асырылғанын жеткізді. Бірақ сын-ескертпелердің барлығы ескерілетінін, сондықтан аялдама павильондарының сәулетіне өзгеріс енгізіліп, тұрғындар үшін ыңғайлы етіп қайта жасалатынын айтты. Бірақ қалалықтар соны бағалап, құнттап ұстаса кәне? Ал қоғамдық көлік жұмысын сараптап, кешенді түрде ретке келтіру үшін “Астана LRT” компаниясы шақырылыпты. Бұл ұйым бұған дейін елордада қоғамдық көлік жұмысын қалыпқа келтірген екен. Компания Қызылжардағы автобустардың бағыттарын, қажеттігін, жолаушылар санын, бағдаршамдардың орнатылуын және басқа да мәселелерді сараламақшы. Оған қоса жаңа автобустар сатылып алынады. Сөйтіп, биыл бұл мәселе де шешімін табатын болды. Жолақысы қымбаттамайтынын да тұрғындар қуана қабылдады.
Одан соң тұрғындар алма-кезек сөз алып, қала әкіміне шешімін күткен мәселелері туралы баяндады. Сөз алғандардың көпшілігі коммуналдық қызметтер жерді қазғаннан соң маңайды қалыпқа келтірмей кетіп қалатынын айтып шағымданды. Бұл ретте қала әкімі жиынға қатысқан коммуналдық қызметтердің басшыларына аталған мекенжайларға шығып, жағдайды түзеуге тапсырма берді. Сондай-ақ, пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары аулаларды асфальттауды, көгалдандыруды, ойын және шағын футбол алаңдарын салуды, үйлердің қасбеттері мен төбелерін жөндеуді, лифттерді ауыстыруды өтінді. Марат Иманбайұлы бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын табатынын айтты. Саяжайшылар – су, “Солнечный” кентінің тұрғындары – жылу, новопавловкалықтар қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесін шешуді сұрады. “Ақ көгершін” балабақшасына баратын балалардың ата-аналары сол маңайдағы жолдың адам шошырлық жағдайда екенін айтты. Қар тазалаудағы кемшіліктер де тұрғындар назарынан тыс қалмады. Заңсыз орналастырылған гараждар, иесіз ғимараттар қауіп төндіріп тұрғаны туралы да сөз қозғалды. Әркімнің мәселесін мұқият тыңдаған қала әкімі Марат Тасмағанбетов тиісті мекемелердің басшыларына сол жерде тапсырма берді.
Роза ШӘКЕНОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.