«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қатысуымен өткен ардагерлермен дәстүрлі кездесуде сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов ұйымның атқарған жұмысына жан-жақты тоқталды.

Ерік Сұлтанов 2015 жыл еліміз үшін айтулы оқиғаларға, жағымды жаңалықтарға, толағай табыстарға толы болғандығына тоқтала келіп:

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жаңа Жолдауын арнап, бүкіл дүниежүзін қыспаққа алған дағдарыс кезінде елімізде қолға алынған шаралар мен экономикамызды дамытудың жолдарын баяндады. Президент қандай кезеңде болсын халықты әлеуметтік қолдау шаралары жалғастырылатынын айтты. Сонымен қатар, Ерік Хамзаұлы барлық салада атқарылған игі жұмыстарға тоқталды. Мысалы, үстіміздегі жылы облыстың 26 мың тұрғыны екі қолға бір күрек тапса, 12 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де өз шешімін табуда. Келер жылы 250 пәтерлі үш үйдің құрылысы басталатын болады. Жыл басынан бері “Нұрлы жол” бағдарламасының аясында 320 орындық балабақша пайдалануға беріліпті. Өңіріміздің әрбір аймағында бой көтерген сауда орталықтары, хоккей корттары тұрғындардың алаңсыз өмір сүрулеріне ықпал етеді. Одан өзге білім, спорт, әлеуметтік салада серпіліс бар.  

Облыс әкімінің қызметіне оң бағасын берген аға ұрпақ өкілдері бүгінгі күннің өзекті мәселесі болған білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік салалар төңірегіндегі ойларын ортаға салып, қоғамда кездесетін кейбір олқылықтарды шешудің жолдарын да ұсынды. Ақсақалдарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – өңір аудандарына газ құбырларын тарту. Облыс басшысы күн тәртібінде тұрған бұл мәселені шешудің жолдары іздестірілетінін жеткізді.

Ардагерлер өңіріміздегі ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру мәселесін де көтерді. Бұл мәселе тыңғылықты орындалған жағдайда өңіріміздің экономикасы да нығайып, жұмыссыздардың азаюына да сеп болар еді. Ардагерлер тарапынан қойылған сауалдардың қатарында өңіріміздегі жеңіл өнеркәсіп мәселесі болды. Сондай-ақ, қарапайым жұмысшы мамандығын игерген, өмір соқпақтарын еңбекпен өрген адамдардың қоғамдағы рөлін арттыру, оларды баспасөз беттерінде жиі насихаттау мәселелері де сөз болды. Өңір ақсақалдарының айтқан әрбір ұсыныс-тілегінің ескерусіз қалмайтынын жеткізген өңір басшысы қатысушылардың барлығын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp