«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫНҒА АРНАЛҒАН КЕШ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қазақстандық ақын Владимир Гундаревтің туғанына 75 жыл толуына орай “Продолжение жизни” атты еске алу кеші өтті. Зиялы қауым өкілдері қаламгердің өмірі мен әдеби мұрасы жайлы сөз қозғап, туындыларынан үзінді оқыды.

Владимир Романович республикалық “Нива” әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналының бас редакторы болып еңбек еткен жылдары әдебиетсүйер қауымға кеңінен танылған. Оның жиырмадан астам кітабының ішінде “Деревня моя деревянная”, “Зимопись”, “Ветка молнии” атты өлеңдер жинағы әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Шара барысында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ирина Матвеева мен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері Виктор Шалаев қаламгердің өмірде қандай адам болғанын айтып, естеліктерімен бөлісті. Мәселен, Ирина Матвеева Владимир Гундаревпен жақсы араласқан екен. Бір кездері талант иесі оған “Женщины в 50 лет” өлеңдер жинағын сыйға тартып, қолтаңбасын қалдырған. “Владимир Романович жан-жақты адам болатын. Ол небәрі 18 жасында КСРО Журналистер одағының мүшесі атанды. Қаламгер қазақ, түркімен және украин тілдерінде жазылған поэзиялық және прозалық шығармаларды орыс тіліне аударды. Сондай-ақ, ол деректі кино және телефильмдердің, театр спектакльдеріне арналған өлеңдердің авторы. Өмірімде осындай талантты жанмен таныс болғаныма қуаныштымын”, – деп Ирина Матвеева ақын жайлы жылы лебізін білдірді.

Владимир Гундаревтің өлеңдерінің басты тақырып – ауыл тіршілігі, адам өмірі. Оның туындылары композиторлар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, бірнешеуі әнге арқау болған. Мысалы, танымал “Деревенька моя” атты әннің сөзін осы ақын жазған. Аталмыш шығарма бір кездері Бүкілодақтық радио арқылы жиі шырқалып тұрыпты.

Кеш соңында М.Аверин атындағы облыстық әдеби бірлестіктің өкілдері мен “Проба пера” клубының мүшелері ақын өлеңдерін оқыды.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp