«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҢҒА ШЫҚҚАНДА ЗАҢНАН АТТАМА

Облыста аңшылық қорының жалпы ауданы 8,4 млн. гектарды құрайды. Онда 47 аңшылық шаруашылық орналасқан. Қазіргі уақытта 42-сі жануарлар дүниесін пайдаланушыларға бекітілген. Бұл кәсіпкерлердің аңшылық шаруашылығын жүргізуге деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.

Облыс аумағындағы аңшылық шаруашылық жүргізудің негізгі бағыты – әуесқой (спорттық) аң аулауды ұйымдастыру. Біздің өңірде үйрек, қаз, қоян, түлкі, борсық, елік, қабан сынды аулануға жататын аң-құстар кездеседі. Аңшылық маусымы көктемде басталады. Ол 1 наурыз бен 15 мамыр аралығында 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге рұқсат етіледі. Содан кейін суырлар, құмсалғыштар ауланады. Қазір елік аулау маусымы жалғасуда және ол біртіндеп басқа тұяқты жануарларға ауысады. Күзгі аң аулау кезеңі (үйрек, қаз) жаппай болып саналады және 2025 жылдың 15 ақпанына дейін созылған қысқы аң аулау кезеңі аяқталды. Өткен жылы облыс аумағында аңшылық шаруашылық субъектілері әуесқой (спорттық) аң аулауға 6617 жолдама сатты.

Облыстық инспекцияның негізгі міндеті – орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын орындау. Осыған байланысты инспекция браконьерлікке қарсы күрес бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылады. Өткен жылы инспекция қызметкерлері 123 рейд жүргізді. Нәтижесінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 88 фактісі анықталып, осынша адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 646,1 мың теңге айыппұл салынды.

Облыс аумағындағы жануарлар дүниесін қорғаумен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметтерінің мамандары да айналысады. Қазіргі уақытта бекітілген аңшылық алқаптардың аумағында жануарлар дүниесін 300-ден астам адам қорғайды. Өткен жылы олар 3162 рейд жүргізіп, 98 заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 66-сы – аң аулау ережелерін бұзу, 2-уі –аң аулау ережелерін өрескел бұзу, 30-ы – балық аулау және балық қорларын қорғау ережелерін бұзу фактілері.

Жануарлар дүниесін қорғау, заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша шаралар қабылданып жатса да, облыс аумағында жыл сайын жабайы жануарларға қатысты қылмыстық фактілер орын алуда. Мәселен, өткен жылы табиғат қорғау заңнамасы өрескел бұзылған 8 факт тіркелді. Браконьерлер 14 сібір елігін атып алған. Алдын ала есептеулер бойынша жануарлар әлеміне жалпы сомасы 19 млн. теңгеден астам залал келтірілді. Оның 7 млн. теңгесі өтелді.

Өткен жылы тұяқты жануарларды заңсыз аулауға байланысты табиғат қорғау заңнамасын өрескел бұзған бір адамға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 8 құқық бұзушы 1,6 жылдан 2,6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды.

Олег БЕСПАЛОВ,

Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті облыстық инспекциясының бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp