«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҢҒАЛДЫҚ СОҢЫ — ӨКІНІШ

Ұрлық – қылмыстың кең тараған түрі және оны ашу оңай емес. Көбінесе адамдар немқұрайдылығынан немесе тым сенгіштігінен мүліктерін қараусыз қалдырып, ұрыларға өздері “сыйлық” жасайды.

Үстіміздегі жылы Жамбыл ауданында 206 қылмыстық іс тіркелсе, соның 116-сы ұры-қарылардың салған ойраны болды. Ұрлық тіркелген қылмыстың жалпы санының 56,3 пайызын құрады.

Орын алған ұрлықтың 49 фактісі бойынша кінәлілер үйді тонаса, 23-і ұялы телефонды қолды еткен. Ал өзгенің мүлкіне көз алартқандардың кесірінен мал ұрлығының төрт фактісі тіркелді. Осы фактілер бойынша зардап шегушілердің дені – әйелдер, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар.

Сотқа 51 қылмыстық іс жіберіліп, 21 күдікті жазаға тартылды. 21 адам зардап шеккен жақпен ымыраға келгендіктен, қылмыстық іс тоқтатылды.

Орын алған фактілерді саралап, талдау жасағанымызда аудан аумағында кең тараған ұрлық түрі және сұғанақтардың қалай жұмыс істейтіндігі, зардап шегушілерді қалай таңдайтындығы белгілі болды.

Ұрылар пәтерді біреудің көрсетуі бойынша тонайды. Мұндай қылмыстар құлыпты сындыру арқылы, кілт таңдау немесе үйдің иелері есік-терезені жабуды ұмытып кеткенде, күндіз ешкім болмаған кезде жасалады.

“Үй тонаушылар” қаладағыдай жеке секторларда да “жұмыс істейді”. Олар қымбат көліктеріне, құнды заттарына қарап ауқатты тұратын азаматтарды анықтайды. Ұрлық пәтерді сатып алуға келгендей болып та жасалуы мүмкін. Қаскөйлер бөлмелерді аралап, көріп жүргендей сыңай танытып, ыңғайлы жатқан заттардың бәрін қымқырады немесе кейін қожайындары үйде болмаған сәтте қайтып келеді. Сонымен қатар, пәтер ұрылары көршілерінен немесе туысқандарынан алған ақпараттар бойынша жұмыс істейді. Ата-анасының сатып алған қымбат заттарымен мақтанбақ болған бала да ақпаратты жеткізуші болуы мүмкін.

Аса таныс емес бөтен адамдарды қонаққа шақырудың да соңы өкінішке ұрындырады. Аңқау қожайын бұдан кейін бармағын тістеп қалуы мүмкін.

“Күндізгі әдіс” деп аталған кеңсе ұрлығы да көп тараған. Түскі уақытты немесе адамдардың көптігін пайдаланып, ұрылар ғимаратқа кіріп бос кабинеттердегі қымбат дүниелерді алып кетеді. Көбінесе олар топпен жұмыс істейді және хабар бере отырып қызметкерлердің назарын басқа жаққа аударады. Ұрылар сөмкелер және ұйымдастыру ісінің техникаларын, фотоаппарат пен бейнекамераларды, тіпті, киімдерді де қолды етеді. Үлкен көлемді заттар, компьютерлер мен факстар және тағы да басқа сондай заттар түнгі уақытта терезеден кіру арқылы ұрланады. Мұндайда дабыл белгілерінен немесе күзеттен үнемдейтін фирма басшыларының өздерін кінәлаудан басқа амалы қалмайды.

Жеке сектордағы бақшалардан, құрылысы жүріп жатқан учаскелерден металл қабылдайтын орындарға апарып тапсыруға болатын темір-терсектерді, әрлеу материалдарын, кірпіштерді, күнделікті заттар мен киімдерді алады. Күз келіп барлық өнім жиналған кезде ұрылар үшін көкөністер мен қысқа дайындалған азықтар зор олжа болып табылады.

Ұрлықтың дені қоғамдық орындарда жасалатындығын ескерсек, адамдардың көп болуы да қауіпсіздік белгісі еместігін түсінеміз. Ондай жерлерде негізінде қараусыз қалған сөмкелер, ұялы телефондар, велосипедтер мен балалардың арбалары қолды болады.

Осыған қарап, кез келген адамның ұрлықтың құрбаны болуы мүмкін екеніне көз жеткіземіз. Бірақ ұрлықтың алдын алуға болады. Ол үшін қайда барсаңыз да мұқият болғаныңыз жөн. Егер пәтеріңізді қылмыстық қол сұғушылықтан сақтағыңыз келсе, белгісіз тұлғаларға есік ашудың, бейтаныс адамды үйіңізге шақырудың, бағалы заттарды сатып алғаныңызды айтып мақтанудың қажеті жоқ.

Уәлихан КӘРІМОВ,

Жамбыл ауданының прокуроры,

әдiлет кеңесшiсi.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp