«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТІ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

 

Ақпараттық технологиясы дамыған жиырма бірінші ғасырда пошта байланысы да заман талабына сәйкес өз жұмысын жаңа тұрғыда құрып, елді мекендердің, әсіресе, шалғайдағы ауылдардың тұрғындарына бәсекеге сай қызмет түрлерін ұсынуда.

Өткен сенбі күні өңір басшысы Ерік Сұлтанов Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры ғимаратының алдында “Қазпочта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының ұжымына қызметтік автокөліктердің кілттерін тапсырып, жаңа сәлемдемелер супермаркетінің ашылу салтанатына қатысты және жаңартылған орталық операциялық учаскенің жұмысымен танысты.

– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтарды елімізбен бірге еңсерген пошта байланысы бүгіндері жақсы дамып келеді. Бұл саланың қызметкерлері қиындықтарға қарамастан өз істеріне адалдық танытуда. Өңірімізде қазір жеті жүзге жуық елді мекен бар.

Олар шалғайдағы ауылдарға да кез келген ауа райында мерзімді басылымдарды, жеделхаттарды, зейнетақыларды, сәлемдемелерді жеткізіп, тұрғындар алғысына бөленуде. Сондықтан да пошта байланысының әлеуметтік мәні өте зор, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов жаңа автокөліктердің кілттерін тапсырды.

Бұл күні иелерін тапқан GPS құрылғысымен жабдықталған жиырма автокөлік облыстағы барлық аудандық пошта бөлімшелеріне, Петропавл қаласының “EMS” бөліміне және облыстық филиалдың автокөлік учаскесіне бөлінді. Қазір “Қазпочта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының құрамында 184 өндірістік нысан бар. Оның ішінде 14 қалалық, 88 ауылдық және 18 жылжымалы пошта байланыс бөлімшесі, 14 орталық операциялық учаскесі, 29 байланыс пункті, сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтары мен жергілікті кірістер басқармаларында орналасқан 21 төлем қабылдау мен 8 валюта айырбастау пункті жұмыс істейді.

“Қазпочта” акционерлік қоғамы пошталық, қаржылық, брокерлік, агенттік, электрондық қызмет түрлерін көрсетеді. Пошталық жүйе электронды сауданы, көліктік-логистикалық сервисті, бизнес пен тұрғындар үшін қаржылық қызметтерді көрсетудің тиімді құралы болып табылады. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін пошта байланысы өзекті, оның жергілікті бөлімшелері арқылы қажетті қызмет түрлеріне сұраныстарын қанағаттандырады, зейнетақыларын, атаулы әлеуметтік көмектерін алады.

Бұл күні “Қазпочта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының ғимаратында ТМД елдерінде баламасы жоқ пошталық байланыс қызметін көрсетудің жаңа принципі енгізілген сәлемдемелер супермаркеті ашылды.

– Біз қызметімізді тұтынушылардың жоғары талабына сай ұйымдастырып, қызметімізді жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгіндері еліміздің барлық өңірлерінде қызмет көрсету сапасын арттыруға, ішкі бизнес-процестерді оңтайландыруға бағытталған бірнеше жобалар арнайы жасалған бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылуда. Оның ішінде газет-журналдарды сұрыптаудың автоматты жүйесін енгізу, пошта тасушыларды смартфонмен жабдықтау, почтамптар желісін құру, арнаулы сайттар арқылы қызмет түрлерін көрсету, ұялы телефонға хабар беру технологиясын қолдану сияқты жобаларымызды өндіріске енгізудеміз, – деді “Қазпочта” акционерлік қоғамы төралқасының төрағасы Бағдат Мусин.

Жаңа ашылған сәлемдемелер супермаркетіне жиналған қауым оның жұмыс істеу тәртібімен танысты. Бүгіндері елімізде интернет желісі арқылы тауарлар сатып алушылар, таныстары мен туған-туысқандарына сәлемдеме жіберушілер қатары қалыңдап келеді. Енді олар кезекке тұрмай-ақ өзіне ыңғайлы уақытта тиесілі сәлемдемесін жаңа технологияның көмегімен бірден алу мүмкіндігіне ие болады. Сәлемдеме түскені туралы смс-хабарлама клиенттің ұялы телефонына жіберіледі. Ол супермаркеттегі терминалдың экранына телефон нөмірін терсе, сәлемдемесі тұрған жәшіктің қатары мен нөмірі жазылған талон береді. Немесе операторға өзінің смс-хабар келген ұялы телефонының нөмірін айтса жеткілікті. Көрсетілген орыннан сәлемдемесін алған клиент жеке куәлігін көрсету арқылы оператордың кассасына тиісті төлемін өтейді. Жаңа супермаркеттің алғашқы клиенті Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина өзіне келген сәлемдемені алып, оған еліміздегі үздік операторлар байқауының жеңімпазы Динара Сүлейменова қызмет көрсетті. Сондай-ақ, бұл супермаркеттің қызметкерлері клиенттің сәлемдемесін еліміздің кез келген елді мекеніне жылдам жеткізуге көмектеседі. Қызметтің бұл жаңа түрі тұтынушылардың көңілінен шығары сөзсіз.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp