Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн.
(Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан
НАЗАРБАЕВТЫҢ “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы:
жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауынан).
Тәуелсіздігіміздің әр күні жылға татитындай тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Маңызы зор саяси оқиғалар қоғам өміріне жаңаша сипат, мәнді мазмұн беруде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы ел дамуына серпін беретін стратегиялық маңызды құжат болып табылады. Ол бағындыруымыз тиіс басым бағыттарды айқындап, сыртқы сын-қатер ахуалдар күрделі болып тұрған кезеңде жедел шешілуі тиісті міндеттерді белгілеп берді. Бұл ретте, Президент өзінің нақты кесімін айтып, ұстанымын білдірді, сондай-ақ, өте салиқалы және терең түрде өз байламын жасады деп ойлаймын. Бұл Жолдау – сонысымен айрықша маңызды.
Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет. Мемлекеттің ішкі экономикалық жағдайы тұрақты болғанымен, жаһандық жағымсыз соққылар елді айналып өтпесі анық. Алайда, тіршілік атты бәйгеде қалыс қалмай ілгері жүру – заман талабы. Экономикалық өсімнің бәсеңдеуі әлемнің барлық экономикаларында да көрініс тауып отыр. Әлемдік экономиканың нақты құлдырау көрсеткіштері ешкімді де таңғалдырмайтын болды. Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы үшін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажеттігін қадап айтты.
Мемлекет басшысы өзінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банкке қаржы секторын «жаңғыртуды» жүзеге асыру жөніндегі міндетті шешу шеңберінде банк секторын қалыпқа келтіру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Атап айтқанда, Ұлттық банктің алдына екінші деңгейдегі банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жөніндегі жұмысты жеделдету және қажет болған кезде акционерлер тарапынан банктерді үстеме капиталдандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндет қойылды. Активтердің сапасын бағалау және стресс-тестілеу бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде анықталған проблемалардың ауқымына қарай тиісті шаралар қабылданады. Оларда, бірінші кезекте, қаржы институтының орнықтылығын арттыру үшін банкті оның акционерлері тарапынан үстеме капиталдандыру жөніндегі талаптар қамтылады. Сондай-ақ, шараларда проблемалы банктерді қалыпқа келтіру, реттеу рәсімдері қарастырылады. Сондықтан Ұлттық банктің стресс-тест жүргізу бойынша іс-қимылдары проблемалы банктерді тиімді қалыпқа келтіру және реттеу үшін құқықтық және экономикалық жағдайлар жасауды, банктердің проблемаларын банк жүйесіне деген сенімді жоғалтпай жедел шешуді қамтамасыз ететін неғұрлым және ең аз мемлекеттік шығыстары бар қауіпсіз тәсілдерді болжайды. Орнықтылығы жеткіліксіз банктерге қатысты шаралар қабылдау кезінде уақтылы хабардар болу реттеушіге қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қоғамдық шығындарды барынша төмендетуге мүмкіндік береді. Проблема қаншалықты ерте анықталса, оны шешу соншалықты жеңіл болады, бұл кезде әлеуметтік және экономикалық шығын соншалықты аз талап етіледі. Ұлттық банк жалпы алғанда, нарықта тек күшті және қаржылық тұрғыдан орнықты, реттеушінің талаптарын орындауға және банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтірмей қызметін жүзеге асыруға қабілетті банктер жұмыс істеуге тиіс болатын ұстанымды қолдайды. Әлсіз банктер нарықтан кетуге тиіс. Банктік қызметтер нарығында қалуға ниетті банктер елдегі және әлемдегі экономикалық ахуалдың және Қазақстанның банк секторы алдында тұрған сын-қатердің өзгеруі жағдайында тиісті шараларды қабылдауға – бірігуге немесе үстеме капиталдануға тиіс. Бұл ретте Ұлттық банк бүкіл банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бастамаларды ғана қолдайды.
Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы банк секторын қалыпқа келтіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуді, формалды тәсілден тәуекелге бағдарланған қадағалауға өтуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Ұлттық банк банк секторын қалыпқа келтіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуге кірісті, оның шеңберінде реттеушілік және қадағалау процесінің халықаралық қағидаттары іске асырылатын болады. Атап айтқанда, Ұлттық банк проблемалардың туындауын және тәуекелдің іске асырылуын күтпестен, дағдарысты құбылыстардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр.
“Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндеттер тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңімен 3-4 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек”, – деді Мемлекет басшысы. Бұл міндетті орындау мақсатында еліміздің Ұлттық банкі жыл сайын төрт рет болжамдық раундтар өткізеді. Олардың барысында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге, бірінші кезекте ортамерзімді кезеңге болжам жүзеге асырылады. Ақша-несие саясатының негізгі мақсаты болып табылатын инфляцияның жылдық өлшемде төмендеу үрдісі байқалады. Үстіміздегі жылдың бес айында елімізде инфляцияның деңгейі 7,5 пайыз болса, бұл көрсеткіш облысымызда 9,1 пайызды көрсетті. Инфляцияның төмендеу деңгейі кейбір азық-түлік түрлеріне, оның ішінде көкөністер мен етке маусымдық бағаның қымбаттауына байланысты баяулады. Десек те, инфляция 6-8 пайыз мақсатты диапазон шеңберінен шыққан жоқ. Ұлттық банктің аумақтық филиалдары өңірлердегі бағаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Соның нәтижесінде тауарлардың әртүрлі топтарының тұтыну бағаларының өзгеруі, оларға әсер ететін факторлар, өндіріс көлемі, өңірдегі қаржы нарығы мен әлеуметтік жағдайларға талдау жүргізіледі.
Алынған болжамдар мен бағалаулар негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ақша-несие саясаты, оның ішінде базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдайды. Үстіміздегі жылдың 5 маусымы күні Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 11 пайыздан 10,5 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлеме елдің экономикасына ықпал ететін нақты құрал, ол бойынша екінші деңгейдегі банктер ақшаның құнын бағдарлайды.
Елбасының Қазақстанда Бес институттық реформаны орындауға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында барша салаларда қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте «Алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанымына орай өңіріміздің экономика саласының мамандары жұмыла іске кірісуде. Егемендік алғаннан бергі жылдары мемлекет өз кәсібін ашамын дегендерге қолдау көрсетті, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасады, жеңілдіктер берді. Елбасы көлеңкелі бизнесті жарыққа шығаратын кез келгенін атап өтті. Оның жаңа жұмыс орындарын ашуға, қосымша табыс көзін ұлғайтуға алғышарт жасайтынын жеткізді. Елбасының қиындықтарды бірлесе жеңу үшін ұқыптылық пен үнемшілдікке шақыруы да орынды. Жалпы бізде әлі күнге ысырапшылық басым, ол нарықтық экономикамен сыйыспайтын жайт.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы қолданыстағы қосымша құн салығынан бас тартып, салықтың тек үш түрімен жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті. Олар – бәрімізге белгілі ортақ салық. Екіншісі – жеке кәсіпкерлерге арналған салық. Үшіншісі – шағын және орта кәсіпкерлік пен аграрлық секторға арналған салық. Елбасымыздың атап өтуінше, бұлар көлеңкелі экономикамен күресуде барынша тиімді болмақ. Ел экономикасын долларсыздандыру мақсатында банктерде доллармен сақталатын депозиттердің пайызы төмендетіледі.
Бүгіндері біздің облысымызда экономиканың барлық салалары табысты дамып келеді. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаржы секторы да өз үлесін қосуда. Тұтастай алғанда ол өзінің тұрақтылығын сақтауда. Өңіріміздің банк секторында бүгіндері екінші деңгейдегі 17 банктің филиалдары мен олардың 50 құрылымдық бөлімшесі жұмыс істейді. Ал валюта нарығында 117 ақша айырбастау пункті, уәкілетті ұйымдар, екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпочта» акционерлік қоғамының филиалдары бар.
Биылғы қаңтар-мамыр айларында облысымыздағы екінші деңгейдегі банктердің филиалдарындағы салымдардың көлемі 1,3 есе өсіп, 124,4 млрд. теңгеге жетті. Бұл солтүстікқазақстандықтардың банк жүйесіне сенімінің жоғары екенін көрсетеді және банк секторы жағдайы индикаторларының бірі болып табылады.
Үстіміздегі жылдың төрт айында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру үшін 13,6 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда,1,5 есе көп. Тұтыну және ипотекалық несие беруде де өсім байқалады. Есепті кезең ішінде 10,5 млрд. теңге тұтыну (өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда, 1,6 есе артық) және 1,8 млрд. теңге ипотекалық несие (3,5 есе) берілді. Осы жерде айта кеткен жөн шығар, бүгіндері жерлестеріміздің ұлттық валюта теңгеге сенімдері арта түсуде. Барлық сатып алу-сату теңгемен жүргізілуде. Өңірімізде төлем карточкасы нарығы жақсы дамып келеді.Есепті кезеңде банкоматтар саны 4,2 пайызға, роs-терминалдар 27,6 пайызға, пластикалық карточкалар 10,4 пайызға, қолма-қол ақшасыз төлем жасайтын сауда ұйымдары 23,5 пайызға өсті. Алайда, бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыс аз емес.
Елбасы Жолдауында ғаламдық қаржылық дағдарыс, ғаламдық текетірес, ғаламдық бәсекелестік жөнінде орынды айтып берді. Дағдарыс та өтпелі, ең бастысы елдің бірлігі мен ынтымағының маңызына ерекше екпін түсірді. Шынында да мұндай қиын-қыстау кезеңнің талайынан өткен елміз, талай биікті бағындырған халықпыз. Бүгінгі әлемдегі дағдарыстың екпіні қуатты мемлекетке айналған, жаһандағы 30 елдің қатарынан орын алуға ұмтылған мұраты биік тәуелсіз Қазақстанды бағытынан жаңылдыра алмайды. Біз әр кез алға екпіндей баса береміз, біз алдымыздағы қиындықтың бәрін жеңеміз! Өйткені, біздің басты құндылығымыз – Тәуелсіздік, мұратымыз – Мәңгілік Ел болу!
Ынтымақ, достықты ұран етіп, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында зор табыстарға қол жеткізді. Мемлекетіміздің тұрақты әрі қарқынды дамуы оңтайлы саясат пен бірліктің арқасы. Ендеше, еліміздің Тәуелсіздік тұғыры берік болып, елдің жарқын жолы жарқырай түсіп, байрағы көк аспанда желбірей бергей!
Мираш ЖҰМАШЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры.