«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Барынша ашықтық керек

Ауыл шаруашылығы, аграрлық несие беретін ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен жиында қаржылай қолдау көрсетуге жүргізілген сыбайлас жемқорлық мониторингінің қорытындылары талқыланды.

Ел экономикасының негізгі тірегі – агроөнеркәсіп саласына республикалық қазынадан жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Биыл 48 млрд. теңге қарастырылған. Алайда, осынша қаражаттың тиімді жұмсалуы төңірегінде түйткілді мәселелер аз емес. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі саласына мониторинг жүргізіп, тексеріс нәтижесінде 13 ұсыным әзірлеген. Оның бірқатары озық технологиялық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникалар лизингін “Қазагроқаржы” АҚ-ның жергілікті филиалы арқылы субсидиялауға қатысты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы басқармасы қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау біраз кемшіліктерді анықтап берді.

“Стандартты лизинг” бағдарламасы бойынша жеңілдікпен сатып алынатын техникаларды ресімдеу кезінде түрлі түсінбеушіліктер туындап жатады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сатып алынатын техника үшін алдын ала 15 пайыз төлем жасайды. Қалған құнын, яғни 85 пайызын “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы төлеп, өтеу кестесімен бірге пайдалануға береді. Жыл аяғында есептесуге келгенде кәсіпкерлер мен филиал мамандары арасындағы келіспеушіліктердің орын алуы жылдық сыйақының пайыздық мөлшерлемесіне келіп тіреледі. 17 пайыздық сыйақының 10 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Сондықтан несие мөлшерлемесінің бастапқы пайызы 7 пайыз болуы керек. Ал тауар өндірушілердің сыйақы көлемін толық төлеулеріне тура келеді. Қарыз алушы қаражатты уақтылы аудару туралы өтінішпен жергілікті атқарушы органдарға жүгінуге мәжбүр. Мұның өзі жемқорлық тәуекелін қалыптастырады. Бұл мәселеде ашықтық, айқындық жетіспейді”, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин.

“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Алмат Қожахметовтың айтуынша, ашықтықты қамтамасыз ету үшін әр бөлімшеде ақпараттық тақта, өтінімдерді қабылдайтын жәшік, сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған жағдайда қауіпсіздік департаментімен хабарласуға болатын сенім телефоны орнатылған. Бағдарлама талаптары бойынша түсініктемелер жүйелі түрде беріледі. Өтінімдерді электронды түрде қабылдайтын және қаржылық қолдауды айғақтайтын жоба енгізілмек. Сұраныстардың басым көпшілігі кредиттік серіктестіктер арқылы қаржыландырылатындықтан, кәсіпкерлер мен филиал қызметкерлері арасындағы байланыс өз дәрежесінде емес.

“Қазагроқаржы” АҚ-ы жергілікті филиалы директорының міндетін атқарушы Бейбіт Сыздықов диқандар аталмыш бағдарлама арқылы техника сатып алса, өтінімді электронды поштаға жібере алатынын, мақұлданса, тұпнұсқа құжаттар арқылы келісімшартқа отыратынын жеткізді. Егіншілікке қажетті техника алатын болса, егістік алқаптары жайлы құжат талап етіледі. Ауа райының қолайсыздығы, тағы басқа себептерге байланысты уақтылы есеп айырыса алмайтын диқандар да кездеседі.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов мәселе бақылауға алынғанын, айтылған ескертулер бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанын, “Қолдау” арнайы порталы іске қосылғанын, бірақ бұл бағдарламаға әлі де түзетулер керек екенін айтты. Жиынды қорытындылаған Ернар Баянғазин бюджет қаражатын игеруге барынша ашықтық, айқындық қажет екенін ерекше атап көрсетті.

Жан АЙТМАҒАМБЕТОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp