«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ МІНДЕТ — ӨМІР САПАСЫН ЖАҚСАРТУ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданында болып, бірқатар нысандарды аралады. Возвышен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Агроқұрылым басшыларының есептерін тыңдап, жасалып жатқан әлеуметтік жағдаймен танысты.

Құмар Іргебайұлының жұмыс сапары “Полудин” ЖШС-ы іске қосқан тауарлы-сүт фермасынан басталды. Серіктестік директоры Зиядали Гасанов кешенді тұрғызуға 2 млрд. теңге жұмсалғанын, симменталь және голштино-фриз тұқымды 240 сүтті сиыр сауылатынын, табын 150 қашармен толықтырылатынын жеткізді. Әр сиырдан күніне 23 литр сүт сауылуда.

600 басқа арналған тағы бір ферма Жастар ауылында бой көтеруде. “Қызылжар МТС Агро” серіктестігі озық жобаны жүзеге асыруға 3 млрд. теңге бөлген. 150 сиыр Ақтөбе облысынан сатып алынған. Серіктестік басшысы Арман Уатаевтың айтуынша, жазда сауу залының құрылысы басталады. Құрал-жабдықтар Германиядан әкелінеді.

Өңір басшысы Булаево қаласының абаттандырылуымен, көктемгі тасқынға қарсы дайындық шараларымен, “Возвышенка Астық” серіктестігі элеваторының құрылысымен танысты. Аудан әкімі Қайрат Омаров биыл 13 ауылда сумен жабдықтау құбырлары жөнделетінін, 40 көше жарықтандырылатынын, 39 шақырым жол қалпына келтірілетінін, бұл мақсаттар үшін 3 млрд. теңге қарастырылғанын, 45 пәтерлі үйдің құрылысы басталғанын, жоба “Отбасы банкі” арқылы іске асырылатынын баяндады.

Құмар Ақсақалов Возвышенка ауылының Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласына, соның ішінде тауарлы-сүт фермаларын салуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық берілетінін атап көрсетті. Агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі бағыт – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Соңғы үш жылда 22 заманауи сүт кешені тұрғызылып, 650 тұрақты жұмыс орны құрылды. Биыл 11 нысанның құрылысы жалғасуда.

– Облыс бюджеті 461 млрд. теңгені құрайды. Нақтыланған бюджет есебінен қосымша 70 млрд. теңге қаражат қосылды. Біз республика бойынша сүт фермаларын көптеп салып жатырмыз.

Адамдарды жыл бойы үздіксіз жұмыспен қамту – басты мақсат. Жасыратыны жоқ, өңірде мал шаруашылығы кенжелеп қалған, оны қалпына келтіру оңай емес. Бүгінде қаржы, мемлекет қолдауы бар. Сүт кәсіпорындарын жаңғырту өнімді өңдеу үлесін 60 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деген әкім жылына 6 мың тонна құс етін өндіретін 2 фабрика салынып жатқанына да тоқталды. Былтыр жалпы қуаттылығы 72 мың тоннаға тең құрамажем зауыты бой көтерді. Өңірде 1 млн. гектар алқапқа майлы дақыл егіледі. Еліміздегі ең ірі май экстракциялық зауыт салынуда. Оған 220 адам жұмысқа тартылады. “Тайынша май” майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорнына жаңғырту жүргізді. Осы зауыттар толық қуатына қосылған кезде майлы дақылдардың 90 пайызы облыста қайта өңделеді. Астықты технологиялық тұрғыдан дұрыс сақтайтын 7 астық қоймасы пайдалануға беріледі. Жылдық қуаттылығы 60 мың тонналық тұқым өндіретін өндіріс орны жұмыс істейді.

Жиында Возвышен ауылдық округінің әкімі Виктор Соколовтың есебі тыңдалды. Округте ауыл шаруашылығын дамыту әлеуеті жоғары, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға үлкен мән беріледі. Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және елді мекендерді көркейтуге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан көмек жүйелі түрде көрсетіледі. Ауылдық округ әкімдігі мен серіктестіктер арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылған. Мәселен, “Земля Возвышенки” ЖШС-ы 1 млрд. теңгеге техниканы жаңалауға, қызметкерлер үшін баспана салуға міндеттеме алған. Бұдан бөлек, “Север Жасыл жер” ЖШС-мен бірлесіп, ескі ғимаратты балабақшаға айналдырмақ. Жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға 9 млн. теңге бөлінген. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 20 жұмысшыға сауықтыру шипажайларына жолдама тапсырылмақ. Барлық өндірістік учаскелерде цифрландыру жүйесін енгізу жоспарланған. Аз қамтылған отбасыларға нарықтағыдан 40 пайызға арзан бағамен жемшөп беріледі. Бау-бақшамен айналысуға ниет қойғандарға жер учаскелері дайын. Дүкендерде азық-түлік қолжетімді бағамен сатылады, қара-құмық, жарма, ұн, қант өнімдері делдалсыз жеткізіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрақты негізде материалдық көмектер ұйымдастырылады. “Земля Возвышенки” ЖШС-ы биыл жоғары, арнаулы білім алушыларға 10 грант бөлді. Жастар оқу бітіріп келгеннен кейін осында жұмысқа орналастырылады. Өндірісте жұмыс істейтін жастарға жеңілдетілген несие рәсімделеді. Жалпы сомасы – 5 млн. теңге. “Север Жасыл жер” ЖШС-ы өз қызметкерлері үшін екі үй тұрғызып беріпті. Шаруашылықтар барлық қызметкерлеріне жыл қорытындысы бойынша “он үшінші” жалақы төлеген. Балалар алаңын салуға – 3 млн., қоқыс үйіндісін жинауға – 1 млн., кентішілік жолдарды жөндеуге 157 млн. теңге қарастырылған. “Возвышенка жер” және “Север Жасыл жер” серіктестіктерінің басшылары Оразғали Құдасбаев пен Иван Фиксель өз тараптарынан атқарылған жұмыстарға, көрсетілген әлеуметтік жәрдемдерге тоқталды.

Жиынға қатысушылар өздерін толғантқан проблемаларды ортаға салып, әкімнен шешілуіне ықпал жасауды өтінді. Кездесуді қорытындылаған Құмар Іргебайұлы округ аумағында тұратын тұрғындарға жағдай жасау басты міндет саналатынын қадап айтты. “Аулаларды, көшелерді күтіп ұстау адамдардың өздеріне тікелей байланысты. Өкінішке қарай, тұрған жерлері мен баспана маңайының тазалығына жүрдім-бардым қарайтындар аз емес. Ондай фактілер тіркелген жағдайда жергілікті полиция қызметкерлері әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салсын. Кірсе, шыққысыз ауылдарды үлгі ету керек. Мұндай есеп беру жиындары бір реттік кездесулермен шектелмейді”, – деген облыс әкімі адамдардың өтініш-тілектеріне дер кезінде құлақ асып, тұрақты бақылауға алуды тапсырды.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp