«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫР БАЯННЫҢ ТУҒАНЫНА – 300 ЖЫЛ

Баян Қасаболатұлының туғанына биыл 300 жыл толып отыр. Халықта Батыр Баян атымен танылған жерлесіміздің мерейтойына орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жанындағы “Асыл мұра” орталығы “Қазақтың қыраны – батыр Баян” атты “дөңгелек үстел” ұйымдастырды. 

Батырдың рухына тағзым етіп, оның өмірбаяны сөз болған кездесуді “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев ашты. Ол өз баяндамасында батырдың ерліктерін сөз етті. Елдің азаттығын қасық қаны қалғанша қорғап қалған Баян батырдың есімі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлармен қатар айтылады. Ол батырлығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген.

Баян батыр жөніндегі деректерді Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасынан, жыраулар шығармаларынан, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен кездестіруге болады. Әсіресе, қазақ батырларының елдікті сақтап қалудағы ерлігі Үмбетей мен Тәтіқара толғауларында жақсы баяндалған, дейді Таңат Сүгірбаев. Өлкетанушы Үмбетей жыраудың “Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту” атты толғауынан үзінді келтіріп, Баян батырдың ерлігі әлі де толыққанды зерттеуді қажет екендігін тілге тиек етті.  

Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасының шығу тарихы мен ондағы суреттелген оқиғалар жайында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттің оқытушысы Жанар Құлыбекова айтып берді. Ол поэмада Баян батырдың інісі болып бейнеленген Ноянның шынтуайтында өзге адам екендігін, оқиғаның өзге сарында өрбігендігі жайында тарихи деректерге сүйеніп, әңгімеледі.

Тағылымы мол кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымов, журналист, ақын, суретші Ожан Қали, Баян батырдың ұрпағы Зейнолла қажы Олжабаев та сөз сөйледі.

Кездесу соңында облыс орталығында батырдың мүсінін орнату туралы да сөз қозғалды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp