Отбасы – өз алдына шағын мемлекет. Отау құрып, жаңа өмірге аяқ басқан соң ерлі-зайыптылардың барлығы бақытты отбасын құруды армандайды. Бірақ көп жағдайда шаңырақтың бақытты болуының кілті өз қолымызда екенін ұмытып кетіп жатамыз. Босағаңыз берік, керегеңіз кең болсын десеңіз, төмендегі кеңестерге назар аударыңыз:
*Махаббатыңызды жасырмаңыз. Бұл әйелге де, ер кісіге де қатысты. Бір-біріңізге жақсы көретіндеріңізді айтып жүріңіздер. Жылы сөз кімге болса да ұнайды, әсіресе, өмірлік серігіңізден естудің өзі – бақыт.
*Тамақтанғанда отбасы мүшелерінің дастарқан басында түгел болуын қадағалаңыз. Дастарқан басында отырып, бүгінгі жаңалықтармен бөлісіп, әңгімелесіп отырудың өзі отбасы мүшелерін жақындастыра түседі.
*Әр отбасында өздеріне ұнайтын бір ісі болу керек. Демалыста бірге киноға баруды, түрлі ойындар ойнауды, таза ауада серуендеуді дағдыға айналдырыңыз.
*Үйдегі шаруаларды барлығыңыз бірлесіп атқарғандарыңыз дұрыс. Ол балаңызды болашақ отбасылық өмірге дайындайды және тазалыққа, сыйластық пен адамгершілікке үйретеді.
*Балаларыңызға ата-анаңыз бен балалық шағыңыз туралы айтып отырыңыз. Бұл балаңыздың сізге едәуір жақындай түсуіне жол ашады.
*Бір-біріңізді сыйлаңыздар. Бір-біріңізді жарым, балам деп қана емес, жеке тұлға ретінде сыйлаңыз. Әркімнің жақсы тұстарымен қатар, кемшіліктері де болады. Ешқашан ол адамды күштеп тәрбиелеуге тырыспаңыз. Кемшіліктеріне түсіністікпен қараңыз, сырласыңыз.
*Қарым-қатынастарыңызда да, үй шаруасында да, барлық жағынан кез келген жағдайда ұқыпты болыңыз.
*Қамқор болыңыз. Біреуіңіз ауырып қалсаңыз немесе қиын жағдайға тап болсаңыз, екіншіңіз әрдайым жанынан табылып, қол ұшын беріп отырыңыз. Бір-біріңізге мереке күндері ғана емес, жай күндері де кішігірім сыйлықтар жасап тұруды ұмытпаңыз.
(Ғаламтордан алынды).