Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, қоғамның діңгегі. Сондықтан әрбір отбасының амандығы мен саулығы елдің дамуы мен келешегінің өлшемі болып табылады. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” демекші, бала тәрбиесінде және оның тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасы деген шағын ғана мемлекеттің іргесінің берік болуы, ең бастысы, онда тәрбиеленіп жатқан өскелең ұрпақтың бақытына байланысты. Қоғамдағы руханилықты, өнегелілікті нығайтуға, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыздылығын арттыруға ықпал ету мақсатында белгіленген Отбасы күні қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. Мереке қарсаңында жаңа өмірге бірге қадам басқан жас отбасыларға үлгі ретінде ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, балаларына лайықты тәрбие берген Баймағанбетовтер әулеті жайлы сөз қозғамақпыз.
Тайынша ауданындағы Амандық ауылында түтін түтетіп отырған Баймағанбетовтер – өңірімізде білім саласының, спорттың дамуына атсалысып, қазақтың қолөнерін насихаттап жүрген әулеттердің бірі. Аталары Есләмбек Баймағанбетов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Қиын-қыстау кезеңде Отанды жаудан қорғау үшін шыбын жанын шүберекке түйіп күрескен жауынгер елге аман-есен оралғаннан кейін ауыл басқармасында еңбекке араласып, артынша жергілікті интернат меңгерушісі болып қызмет атқарған. Көпбалалы отбасында дүниеге келген отағасы Айнабек әке ақылымен жүргізушілікті таңдап, отбасының тірегі, асыраушысы болып отыр.
Ал шаңырақтың түтінін түтетіп, үйдің берекесін келтіріп, тыныштығын сақтап отырған Нұрсұлу Сұлтанқызы – Амандық орта мектебінің директоры. Осы ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген ол да үлкен әулеттен. Тоғыз баланың алтыншысы. Отбасындағы бес қыздың барлығы өңіріміздің түкпір-түкпірінде білім саласында табысты еңбек етті. Екі әпкесі мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып, қазіргі таңда зейнет демалысында ұрпақтарының қызығына кенеліп отыр. Нұрсұлу Сұлтанқызы Щучье қаласындағы педагогикалық училищені тамамдағаннан кейін туған ауылына оралып, еңбек жолын жергілікті білім ордасында бастауыш сынып мұғалімі болып бастапты. Содан бері осы саладан кеткен емес, тоғыз жыл оқу ісі жөніндегі меңгеруші болса, осыдан бес жыл бұрын мектеп директоры қызметіне дейін жоғарылады. Жергілікті мектептегі және білім саласындағы жалпы еңбек өтілі – 38 жыл.
Тату отбасында Ілияс және Бибінұр есімді ұл мен қыз өмірге келіп, бүгіндері олар да өз орындарын тапты. Екеуі де Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде білім алып, біреуі – информатика, екіншісі тарих пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. Ілияс Айнабекұлы ауыл балаларын тәрбилеп жүр. Жеткіншектердің бойына тарихи құндылықтарды сіңіріп қана қоймай, өскелең ұрпақты қайыстан жүген, тартпа, өмілдірік, құйысқандық, қамшы, шідер секілді ат әбзелдерін істейтін өрімшілікке баулумен айналысуда. Бұл үшін ауылда арнайы үйірме ашып, жергілікті балаларға қолөнердің қыр-сырын үйрету ісін қолға алды. Ауыл, аудан көлемінде ғана емес, облыстық деңгейде өтетін іс-шараларға шақырылып, қолөнер туындыларын насихаттап жүр. Ауылда өскен шымыр жігіт күреспен де айналысып, бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. “Жігітке жеті өнер де аз” деген сөз Ілияс Баймағанбетов сияқты сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарға қатысты айтылса керек. Соңғы үш жылдай әкесімен бірге мал шаруашылығына бет бұруда.
– Қазір үйде төрт биеміз бар. Соны бағып-қағып, қымыз сату ісін бір жолға қойдық. Өніміміз ауыл, аудан көлемінде ғана емес, бір шеті Петропавл қаласының, одан әрі Көкшетау өңірлері тұрғындарының арасында жоғары сұранысқа ие екенін де айта кеткен жөн, – деген Нұрсұлу Сұлтанқызы алдағы уақытта бұл істі кеңейтіп, жылқы сатып алуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Ілияс Айнабекұлы мен зайыбы Диана – отбасылық өмірге қол ұстасып бірге қадам аттаған ауылдағы жас шаңырақтың бірі. Үш баланы дүниеге әкелген жас ана осыған дейін ауылдағы білім ордасында бастауыш сынып мұғалімі болған, қазіргі таңда бала күтімі бойынша үйде отыр. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу ісіне қайта оралып, сүйіп таңдаған мамандығы бойынша жұмысын жалғастыруға ниетті.
Қыздары Бибінұр Айнабекқызы қазіргі таңда Петропавл қаласында тұрып жатыр. Осындай үлгілі шаңырақта дүниеге келген ол да өнерден кенде емес, оймақтың шебері десек, артық айтпаспыз. Анадан дарыған өнерді дамыта түскен Бибінұр тоқу, тігу, қию және моншақтар арқылы сурет салу бойынша тапсырыстар қабылдайды. Әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы тапсырыстар алып, оларды уақтылы әрі сапалы орындап жүрген жас қыздың қазіргі таңда өз тұтынушылары, тапсырыс берушілері бар. Ісмердің айтуынша, қала тұрғындары арасында, көбінесе, көрпе, перде және қалталарға деген сұраныс айтарлықтай жоғары екен.
Қазіргі жастарға, әсіресе, жас отбасыларға әке тағылымы, ана тәрбиесі, ұрпақтар ұлағаты деген ұғымдардың мән-мағынасын тереңнен түсіндіру аса маңызды. Шаңырағынан шаттық лебі ескен бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері сияқты үлгілі отбасыларды насихаттап, көпке таныта беруіміз керек. Өйткені, отбасы институтын дамыту, ерлі-зайыпты болудың маңызын түсіндіру, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру сияқты аса маңызды міндеттерді көріп өскен ұрпақ та алдағы уақытта елі үшін абыройлы қызмет атқаратын қыз-жігіт атанары сөзсіз.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.