«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТЫМЫЗ – БІРЛІКТЕ

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға бір миллионға жуық қандастарымыз көшіп келді. Ата-бабаларының туған еліне табанын тіреген отандастарымыздың бірі – Есіл ауданының орталығында тұратын Пірімқұловтар отбасы.

Олар Өзбекстаннан 2004 жылы атажұртқа қоныс аударған. Балаларының болашағын ойлаған отағасы Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған мүмкіндікті мүлт жібермей, өзінің отбасын ғана емес, ағайын-туысқандарының да Қазақстанға көшіп келуіне ықпал еткен.  

– Елбасының көрегендігіне дән ризамыз. Қонысымыз құтты болды. Баспанамыз бар, қолымыздан келгенше еңбек етіп, отбасымыздың жағдайын жақсарту бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді отағасы.

Иманқұл Бердіқұлұлының негізгі мамандығы – аспаз. Осы салада жинаған тәжірибесі бар отағасы елу адамға шақталған дәмхана ашпақ.

Отбасының берекесін келтіріп, бала-шағасын аналық мейірім шуағына бөлей білген Пазилат апайдың ұлты – қырғыз. Тағдыр қосқан қосағымен бес балаға өмір сыйлаған асыл жар – Қазақстанда татулық пен бірліктің салтанат құра беруіне тілектес жандардың бірі. “Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір” деген мақал осындайда айтылса керек.

Үй шаруасы, бала тәрбиесі сияқты әйел затына тиесілі жұмыстарды ұршықтай үйірген отанасы – ісмер адам. Қазақтың ою-өрнегін көмкере салған түрлі қолөнер бұйымдары көрген адамның көз жауын алады. Мұндай шеберлік Пазилат апайдың бойына әжесінен дарыған.

Қазақстан деген киелі жерге табан тіреп, тамырын тереңге жая бастаған Пірімқұловтар отбасы жұмыла жұмыс істеуді азаматтық парызы санайды.

“Еңбек адамды тәрбиелейді, жігерлендіреді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретеді. Сондықтан да әрбір адам қоғамнан тыс қалмай, қолынан келгенше жұмыс істеуі керек. Сонда ғана асқақ арманға қол жетіп, биік белестерді бағындырамыз”. Бұл үкілеген үмітін аялаған отағасының өмірге деген өзіндік көзқарасы.

– Өз басым отбасыммен бірге Қазақстанда тұрып, өсіп-өніп жатқанымды мақтан тұтамын. Егемен елімізде өзге ұлттар арасындағы татулық пен ауызбіршіліктің тамыры тереңге жайылған. Бұл – үлкен бақыт. Елбасының сындарлы саясатының арқасында қол жеткізіп отырған жемісті еңбектің жеңісін бағалай білуіміз керек. Бейбітшілік бәйтерегі биіктен көрінсін десек, ұлтымызға, дінімізге, тілімізге бөлінбей, сүттей ұйыған бір отбасының баласындай болайық. Сонда ғана бағымыз жанып, бақытымыз еселене түседі, – дейді Иманқұл Пірімқұлов.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp