“Мен жұмыс істей білетіндерді қолдауды, оларға өзінің отбасын асырауы үшін табыс таба алатындай жағдай жасағанды жөн көремін”, – дейді Тимирязев аудандық мәслихатының депутаты, “Москворецкое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Болат Дүйсембаев.
Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, соңынан ерген 8 бауырына бас-көз болуды міндеті санаған Болат Дәуренұлының айтуынша, бүгінде олардың әрқайсысы өмірде өз жолдарын тапқан. Себебі, олар жастайларынан ерінбей еңбек етудің қандай болатындығын әкелерінің қажыр-қайратынан көріп өскен. Таңның атысынан күннің батысына дейін жер жыртып, егін егіп, механизатордың қиын жұмысын абыроймен атқара білген әкесі “Еңбек даңқы” орденімен және “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапатталған.
Әкесінен дарыған еңбексүйгіштік мінез Болат Дүйсембаевты да ауылдан жыраққа жібермеді. Ленин атындағы ауылшаруашылық техникумын тамамдағаннан кейін еңбек жолын балалық шағы өткен Тимирязев ауданындағы Приозерное ауылында зоотехник ретінде бастайды. Ауыл шаруашылығы саласында бес жарым жылдан артық еңбектенген жас жігіт осы уақыт ішінде Отан алдындағы борышын да өтеп келеді. Тәжірибе жинақтап, белгілі бір деңгейде дүниетанымы қалыптасқаннан кейін көрші елде де өз бағын сынамақ болады. Ресейде зоотехник, бас зоотехник, партия комитетінің хатшысы, ұжымшар төрағасы болып, абыройға бөленеді. Алайда, лауазымы өскен сайын елге деген сағынышы да үдей түседі. Ақыры туған жерге біржола қоныс аударады.
Туған жерге оралысымен бөлімше басқарады, Тимирязев аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің директоры болып тағайындалады. Соңғы 11 жылдан бері “Москворецкое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне басшылық етіп жүр.
Болат Дүйсембаев өзін өндірісті басқарудың заманауи нарықтық әдістерін жетік меңгерген, жаңашылдыққа аңғарымпаз мықты басшы ретінде таныта білді. Серіктестіктің егіншілік саласындағы жұмысын жандандыру үшін заманауи жоғары өнімді техника сатып алса, бүгінгі таңда мал өсіруді жандандыру үшін аянбай еңбек етуде. Осы орайда ірі қараның әулиекөл және қазақтың ақбас тұқымын өсіруді қолға алды. Қой шаруашылығын да қолға алып, ол үшін шағын ферма ашқан. Жазғы уақытта құстың балапандарын өсіріп, бау-бақшамен айналысады. Сонымен қатар, ұн үгу кешені, макарон цехы, наубайханасы тұрақты жұмыс істеуде.
Бір сөзбен айтқанда, Болат Дәуренұлы “Еңбек еткісі келетін ауылдастарымды қолдаймын”, – деген сөзін іс жүзінде орындап жүр. Сондай-ақ, тәжірибесі мол болса да, әріптестерінен кеңес сұрауды, қоғамның пікірімен санасуды ар санамайды. Оның айтуынша, шаруашылықтың жетістігінің іргетасы – ынтымақтастық, ұжымның тұрақтылығы. Осындай көзқарасының арқасында талай жетістіктерге қол жеткізген Болат Дүйсембаев Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, “Құрмет” орденімен және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Алайда, ол үшін ең маңызды және ерекше марапат – жерлестерінің сыйластығы, сенімі. Оны төртінші рет аудандық мәслихат депутаттығына сайлаған жерлестері Болат Дәуренұлын ауылдық округтің әлеуметтік саласына көрсеткен қолдауы, тұрғындардың көтерген мәселелерін шешіп, олардың мүдделерін ескеретіндігі үшін құрметтейді.
Алла МЕДИКОВА,
Тимирязев аудандық
мәслихаты аппаратының
бас маманы.