Петропавл қаласындағы “Даму” қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында “Іскерлік байланыстар” және “Назарбаев Университеті” ААҚ-да топ-менеджментке оқыту жобалары бойынша өтініштер қабылдау басталды. “Даму” қоры “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша ұсынатын оқыту жобалары кәсіпкерлерге осызаманғы табысты бизнесті басқару нобайын енгізуге көмектесетін болады.
“Іскерлік байланыстар” жобасы аясында оған қатысушылар Астана немесе Алматы қалаларында екі апталық бизнес-тренингтен өтіп, оның барысында кәсіпкерлер шетелдік және отандық бизнес-жаттықтырушылардың басшылығымен өз кәсіпорындарының даму бизнес-жоспарларын жасау үшін қажетті білім алады.
Ал “Назарбаев Университеті” ААҚ бизнес-мектебінің базасында шетелдік оқыту орталықтарын тарта отырып, үш күндік шағын және орта бизнес топ-менеджментіне оқыту табысты бизнес құрудың жаңа нобайын енгізуге, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды тиімді басқарудың іс-тәжірибелерін дамытуға, сондай-ақ, стратегиялық және тактикалық бизнес-міндеттерді шешуге бағытталған.
Аталмыш жобалар бойынша оқыту қатысушыларға сертификаттар алуға, Германияда немесе АҚШ-та сәйкес саладағы кәсіпорындарда болып, тегін шетелдік іс-тәжірибеден өтуге конкурстық іріктеуге қатысуға мүмкіндік береді.
“Аға сеньорлар” жобасының арқасында кәсіпкерлер таңдаған бизнес саласында көпжылдық жұмыс тәжірибесі бар шетелдік сарапшыны тартуға мүмкіндік алады. Ондай маманның өндірісті басқарудың жаңа әдістерін, өндіріс технологияларын және құрал-жабдықтар енгізу, кәсіпорынның жұмысшыларын оған оқыту жөнінде ұсынымдары болуы тиіс. Бұл ретте кәсіпкер сарапшының тұрақ жайы мен тамағы шығынын ғана көтереді.
Облыстың 100-ден астам кәсіпкері қазірдің өзінде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында “Іскерлік байланыстар” және “Назарбаев Университеті” ААҚ-да топ-менеджментке оқыту жобалары бойынша білім алды. Оның ішінде 10 кәсіпкер Германия мен АҚШ-та өз бизнес бағыттары бойынша тегін тағылымдама алып қайтты. Сол сияқты солтүстікқазақстандық төрт кәсіпкер компьютерлік, тігін, қонақүй және полиграфиялық қызмет көрсету саласында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Аға сеньорлар” жобасы бойынша канадалық мамандардың сарапшылық көмегін алды. Оқыту жобалары бойынша толық ақпаратты облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан білуге болады.
Гүлмира ЗЕЙНУЛЛИНА,
“Даму” қоры облыстық филиалының менеджері.