«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЛІК БҰҚАРАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында қоғамды елең еткізерлік жаңалық аз емес. “Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет”. Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады”, – деген Президент аса маңызды мəселелерге ерекше көңіл аударып, қоғамның ақсап тұрған тұстарын ашық атап көрсетті.

Жолдауда белгіленген міндеттердің оң шешімін табуы алдағы жұмыстардың басты басымдығы болатыны сөзсіз. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы – Жолдауға арқау болған бағыттардың бірі. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату атқаратын жұмыстың басым бағытына айналды. Өркениетті елдердің көшіне ілескен Қазақстанда билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамның мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Бір қуантарлығы, бұл міндет іс жүзінде жүзеге асып жатыр.
Айыртау ауданында еліміздің басты құжатында көрсетілген тапсырмаларды атқару үшін ауқымды шаралар қолға алынды. Аудан әкімдігінің ғимаратында “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі ашылды. Фронт-кеңсе дегеніміз – халыққа қызмет көрсетудің заманауи стандарттарын ескере отырып, ұйымдастыру техникасымен жабдықталған кең зал. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы әкімдік қабылдаған шешімдердің ашықтығы мен қолжетімділігі, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, электронды қызметтер үлесінің артуы қамтамасыз етіледі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызмет алуға келген тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалады. Фронт-кеңседе “Бір терезе” қағидаты бойынша жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру бөлімдеріне тиесілі 47 қызмет көрсетілетін болады.
“Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі аясында қоғамдық қабылдаулар да өткізіледі. Егер көтерілген мәселенің түйінін тарқатуға аудан әкімінің, оның орынбасарлары мен бөлім басшыларының араласуы қажет болса, олар арызданушыны арнайы бөлмеде қабылдайды. Сондай-ақ, бұл жерде қызмет көрсету бөлмесі, балалар бұрышы, өз-өзіне қызмет көрсету аймағы бар. Кеңсе қызметкерлері тұрғындардың ауыл тұрмысын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын да жинақтап, талдайды.
Сондай-ақ, электронды қызметтер үлесін арттыру мақсатында 14 ауылдық округтің әкімдіктерінде “Connection Point” аймағы жұмыс істеп тұр. Аталған жоба сервистік мемлекеттің дамуына қажетті серпін беріп, түрлі қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге жағдай жасайды.
Елдің әрбір тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Smart Aiyrtay” қосымшасы іске қосылды. Енді аудан тұрғындары білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, ойын-сауық, туризм және коммерциялық қызметтер бойынша ақпаратты осы қосым-ша арқылы алады.
Тұрғындардың сұрақтары мен түрлі мәселелерін шешу мақсатында Айыртау ауданының әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы апта сайын азаматтарды жеке қабылдайды. Сонымен қатар аудан әкімдігінің ресми сайты және әлеуметтік желі арқылы халықпен кері байланыс орнатылғанын айта кеткен жөн. Әкім елмен етене араласып, бұқараның өтініш-тілегіне дер кезінде назар аударуы қажет. Сонда тұрғындардың билікке деген сенімі нығайып, тұрақтылық тұғыры беки түседі. Ол үшін шенеуніктер әлеуметтік желіні тиімді пайдаланғаны дұрыс. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Бастама әлемдік тәжірибеде сыналып, тиімділігі дәлелденген. Желіде азаматтар өз сауалдарына толыққанды жауап алып, көзқарастарын білдіріп, ұсыныстарын айтып жатады.
Мемлекет басшысы Жолдауда қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының маңызды екеніне екпін беріп, азаматтарды ашық диалогқа шақырды. Билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сындарлы қоғамдық сұхбат – бұл мемлекет тұрақтылығының негізі. Бұл тұрақтылықты азаматтардың əл-ауқатын жақсарту арқылы ғана қамтамасыз етуге болады. Менің ойымша, халықпен тиімді кері байланыс орнатуда жергілікті билік органдарының тиімділігін саралайтын сауалнамалар жүргізу маңызды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында халықты толғандыратын мәселелердің барлығынан хабары бар екенін көрсетті. Ол елдің тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азаматты Қазақстанды көркейтуге үлес қосуға шақырды. Ендеше Президент Жолдауы жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, оның орындалуына бір адамдай атсалыссақ, біз үшін маңызды құжатта айтылған “халық үніне құлақ асатын мемлекет” болудың да ауылы алыс емес.

Әсет ҚОЖАХМЕТОВ,
Айыртау ауданы әкімі аппаратының басшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp