Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен селекторлық кеңес өткізіліп, онда төрт мәселе қаралды.
– Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесіне сүйенер болсақ, республика бойынша үшінші орыннан көріне білдік. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы жөнінде берген тапсырмаларын жүз пайыз орындадық. Бірақ алда маңызды істер күтіп тұр. Соған жұмыла кірісіп, ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін қолдан келгеннің барлығын істеуіміз керек, – деді жиынды жүргізген облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Бірінші кезекте облыс бойынша 2015 жылы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына арналған жоспар таныстырылып, ол кеңінен қаралды. Жоспар жайында өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров толық ақпарат берді. Атқарылатын істер бойынша әрбір ауданға кезек-кезегімен тоқтала отыра, алдағы міндеттерді слайдтан көрсетіп, негізгі тапсырмаларға ден қойды. Межеге қол жеткізу үшін егіншілік, мал шаруашылығы және өнім өңдеуді дамыту бағыттарындағы маңызды мәселелерді шешу керектігі баяндалды. Сонымен қатар, “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары бойынша жүргізілетін жұмыс та тілге тиек етілді. Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін әрқайсысы 600 басты құрайтын 2 тауарлы-сүт фермасы, 2000 басқа арналған 7 ферма, 3000 басқа арналған отбасылық ферма құру да жоспарға енгізілген. Сонымен қатар, аудандар бойынша құс етін өндіруге арналған жұмыс нәтижесі, сүт өнімдерінің сапасын, бағасын қамтамасыз ету де назардан тыс қалмады. Осы ретте Ерік Хамзаұлы бұл мәселені бір жүйеге келтіру үшін аудан орталықтарында сүт өңдейтін шағын цехтар ашу керектігін айтып, бағаны тұрақтандыру қажет екендігін жеткізді. 2015 жылға арналған жоспарды жүзеге асыру жолдарын тыңдаған өңір басшысы оның қаншалықты маңызды екендігіне тоқтала отыра, жұмысты әдеттегідей наурыз айынан емес, бүгіннен бастау қажеттігін еске салды.
Облыстық тәжірибе станциясының қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ольга Гасс тікелей байланысқа шығып, көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін көп жылғы тәжірибеден алған ойларын ортаға салып, маңызды ақпаратпен бөлісті.
Облыс әкімі осы мақсатқа арналған жиындар әр ауданда биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында өтуге тиістігін, алдағы уақытта да аталмыш станция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеу керектігін атап айтты.
Селекторлық кеңес барысында жерді тиімді пайдалану және жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастары саласындағы міндеттері қаралды. Сондай-ақ, ветеринария саласының бүгінгі жағдайы, оның жұмысын жақсартуға қатысты ұсыныстар айтылған хабарлама тыңдалды. Осы бағытта атқарылып жатқан бірқатар істерге тоқталған өңір басшысы жастарды жұмысқа тарту және оларға мемлекет тарапынан барлық жағдайды жасау керектігіне мән берді.
Жиын соңында жол мәселесі қаралып, қардың уақытымен тазалануы, қаланы аудан, елді мекендермен байланыстырып тұрған жолдарды барынша тез арада іске қосу үшін қолда бар барлық техниканы жұмылдыру жайында сөз қозғалды. Мұның барлығы – тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жасалып отырған шаралар.
Жиынды қорытындылаған Ерік Сұлтанов аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.