“Ел ішіндегі береке-бірлік – бәріміздің ортақ байлығымыз”, – дейді өңіріміздегі этнос өкілдері. Бүгінгі тәуелсіз елімізде саяси тұрақтылық пен ұлттық келісім және ынтымақтастық берік орныққан. Ашығын айтсақ, біз еліміздің осынау басты байлығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Еліміздегі ұлт пен ұлыстың достығы мен бірлігі, татулығы мен ынтымағы өзге елдерге өнеге боларлықтай. Бауырмалдықтың нәтижесінде қазақ жері достықтың құтты мекеніне айналды. Жүректері жомарт, алақандары ашық қазақтар өзге этнос өкілдерімен бір ананың баласындай ғұмыр кешуде. Оған өңіріміздегі ондаған этнос өкілінің туған елге деген ыстық ықыласы айқын айғақ болса керек. Солтүстік аймағындағы әр этностың тілін, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерін жаңғырту, этносаралық қарым-қатынасты нығайту бағытында айшықты шаралар өткізу күн тәртібінен түскен емес. Тимирязев ауданында да әр этнос өкілдеріне айырықша көңіл бөлініп, олардың төл мерекелері ұйымдастырылуда. “Ясэмэн” әзірбайжан этномәдени орталығының атсалысуымен де көптеген іс-шаралар өтуде.
Тәуелсіз елімізде өзге этностарға деген қамқорлық ешқашан кеміген емес. Ауданымызда мәдениетіміз бен тілімізді, салт-дәстүрлерімізді сақтап, насихаттау үшін бірнеше этномәдени бірлестік құрылған.
Өңірімізде өткен “Менің Қазақстаным” облыстық фестивалінде “Тіл – татулық тірегі” сайысына қатыстық. “Салт-дәстүр – 2013”, “Салт-дәстүр – 2014” байқауларында орталығымыз жүлделі орындарға ие болды.
Жалпы, біз – әзірбайжан қазақпен туыстас, біртілдік топқа жататын, дініміз де ортақ этноспыз. Ортақ тарихымыз бар. Әдет-ғұрпымыз бен салтымызда да ұқсастықтар өте көп. Мүмкін сол жақындық та әсер ететін шығар, біз бұл жерде өзімізді жайлы сезінеміз. Біз үшін Отан – Қазақстан. Осындай сезімді өзге этнос өкілдері де бастан кешіреді деп ойлаймын.
Мемлекеттің ұстанған саясаты – барлық азаматтарын тең санау. Мұны әлемдегі өзге мемлекеттер де мойындап, соның жарқын үлгісі болып отырған Қазақстанға көз тігіп отыр. Мысалы, біздің ұлттық ансамбліміз, тіл үйрететін жексенбілік мектептеріміз бар. Онда халқымыздың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі үйретіледі.
Жастарымыздың мемлекеттік тілді үйренуге ынталары зор. Себебі, балаларымыздың болашағы осы құтты мекенмен байланысты. Сол себептен де бірлігі жарасқан елді көркейтуге өз үлесімізді қосуға талпынып жүрміз. Бұл – бейбітшіліктің, тыныштықтың және жайма-шуақ өмірдің басты кепілі.
Флора АЛИЕВА,
“Ясэмэн” әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымы.
Тимирязев ауданы.