Бүгін біздің оқырманымыз Жібек Қарабалақызы ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды еске салып, оның бір түрінің қалай дайындалу тәсілін ұсынып отыр.
Быламық. Бұл, негізінен, жас босанған әйелдерге берілетін тағам. Адам бойына біткен бала кальцийді анасынан алады. Сондықтан жаңа босанған әйелдің тісі босап, сүйектері сынғыш келеді. Біздің көреген әжелеріміз келіндеріне быламық пісіріп беру арқылы осындай әлсіздіктердің алдын алған.
Быламықтың дайындалу тәсілі: отқа қыздырылған қазанға құйрық май немесе сарымайды салып ерітеміз. Оның үстіне ұнды сеуіп, түсі сарғайғанға дейін қуырылады. Бәсең отта ұн біркелкі қуырылуы керек. Ұн сарғыш-қоңыр түске енген кезде сүт қосылады. Быламық іртік болмас үшін сүтті үздіксіз былғап тұрып құямыз. 1-2 минут қайнаған соң алдын ала тазартып дайындалған тарыны салып, сәл ғана қайнатамыз. Тары езіліп кетпеуі керек. Себебі, тары бітеулеу болғанда ғана нәрі сақталады. Бұл нәрлі тағам ағзаға өте пайдалы. Сондықтан да жас босанған аналармен қатар, оны сәби күтіп жүрген келіндер де жесе жақсы болады.