Өкінішке қарай, біздің көп ағайын ұлт намысы дегенді ойлай бермейді. Қазақ сондай десе, әлдекім көзге шұқыса елірмесек те елеңдеп отыруға тиіс ел емес пе едік? Оның орнына кез келген қазақ руына, атасына әлдебір жаман сөз айтса, соның қолында өлуге бар. Ал ұлттың жолында өлуге неге жоқ?!
Осының себебін білмекке қапқап қағаз, шаң-шаң шежіре ақтарып қарап отырсам, Ахмет Байтұрсынұлы жарықтық мұның мәнісін ана ғасырдың басында-ақ айтып қойған екен. “Жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан жұрт намысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. Отбасына келерлік бәле болмаса жұрт басына келерлік бәлені ойлап уайымдамайды. Қуанышы, қайғысы от басынан аспайды” деп жазған екен Ахаң.
Алаш қайраткерлерінің арманы “басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түсер” кезі қайта оралған жоқ па? Енді біз “жұрт басына келерлік бәлені ойлап уайымдауымыз” керек. Ұлт еңсесін тіктеп, кеселінен арылуы, тазаруы қажет. Алаш баласының арасына кірген алалық әлі күнге дейін азуын ақситып, тісін шықыр-шықыр қайрайды. Біз ешкімнен кем емеспіз.
Ендігі жерде біз кімбіз, біз қандаймыз деген сұрақты өзімізге жиі қойып, ұлт мақтанышы болатын арыстарымызды өнеге тұтып, ұрпақ бойына ұлттық мақтаныш ұрығын себу қажет. Келешек жастардың кеудесін көбіне-көп мақтаныш сезімі кернеуі керек.
Нұртөре ЖҮСІП,
республикалық “Айқын”
газетінің бас редакторы.
(“Namyskz” сайтынан алынды).