Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында “Бастауыш білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында тиімді әдіс-тәсілдер арқылы оқыту – жетістік көзі” тақырыбында облыстық семинар өтті.
Теңдік Құлмағанбетова жетекшілік ететін 1 “Б” сыныбындағы математика пәнінде “7 санын қосу және азайту” тақырыбы қарастырылды.
Мұғалім сабақты Лұқман Хәкімнің 7 өсиетіне сәйкестендіріп, әр кезеңін бірізділікпен шебер ұйымдастырды. Білім ордасының табалдырығынан биыл ғана аттаған бүлдіршіндер аз уақыт ішінде көп нәрсеге машықтанып қалғандарын көрсетті. Өз ойларын ашық, анық айтып, жеткізе білді.
4 “Б” сыныбындағы әдебиеттік оқу пәні “Гәкку” сахнаға қалай келген?” деген тақырыпта өтті. Дина Базарбекова бұл сабақтың өн бойында ақпараттық-коммуникативтік технология әдіс-тәсілдерін тиімді қолданды. Оқушылар қазақтың күміс көмей әншісі Күләш Бәйсейітованың өміріне, өнеріне қызығушылық танытып, ойларын ортаға салды.
4 “А” сыныбының математика пәні “Үштаңбалы сандарға жазбаша көбейту және бөлу тәсілдерін пысықтау” тақырыбына арналды. Бақыт Ақышева өз сабағында оқушылармен топтық жұмысты үш тілде жүргізді. Оқушылар да есептердің шығарылу жолдарын, шешімін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін жеткізе білді.
Ұстаз Эльмира Исахметова “Қалыптастырушы бағалау – оқытудың мүмкіндігін арттырудың тиімді жолы” тақырыбында топтық жұмыс өткізді.
Мөлдір БАКЕЕВА,
қазақ мектеп-гимназиясы директорының бастауыш сыныптар бойынша оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.