Өңіріміздегі іргелі жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Маңызды шара аясында жоғары оқу орнында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиалдары ашылды. Қос ғылым ордасының өкілдіктерін ашу туралы шешім осы жылдың наурыз айында Петропавл қаласында өткен тарих мұғалімдерінің республикалық съезінде қабылданған болатын. Түстен кейін Оқушылар сарайында университеттің мерейтойына арналған салтанатты жиын өтіп, оған облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты.
Университеттің 85 жылдық мерейтойына жиналған қауым оқу орнының алдында тұрған академик М.Қозыбаевтың ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, атақты тарихшыны бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін құрметті қонақтар оқу орнының мұражайына барып, арғы-бергі тарихынан сыр шертер жәдігерлерді тамашалады. Бұл жерде өңір археологтарының атқарған жұмысы жайлы мол мағлұмат шоғырланған.
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиалдары осы мұражайдың екінші қабатында орналаспақ. Қос ғылым ошағының филиалы өңірдің бай тарихын зерттеумен айналысып, өңірдің білім және мәдениет мекемелеріне ғылыми-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсететін болады. Негізгі мақсаттардың бірі – фольклорлық және тарихи-топонимикалық материалды талдау мақсатында облыстар аумағының түйіскен жеріндегі және Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймағындағы далалық ерекшеліктерді зерттеу, кезінде жаппай қоныс аудару нәтижесінде қазақ халқының мәдени-шаруашылық өмірінде пайда болған негізгі өзгерістерді анықтау, орта ғасыр мен қазіргі заман кезеңдеріндегі Қазақстанның солтүстік облыстарының тарихын, әсіресе Ресей империясының отаршылдық саясаты, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес, ұлтазаттық көтерілістер, саяси қуғын-сүргін, көші-қон процестері және тағы басқаларды жан-жақты зерттеу.
– Біздің институттың филиалы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінен бөлек, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті және С.Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық уинверситетімен бірлесе жұмыс істейді. Сонымен қатар ауқымды жұмысқа Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарының тарихи-өлкетану мұражайларының, тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталықтарының мамандары да тартылады, – деді Ә.Марғұлан атындағы археология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Талғат Мамыров. Бұл күні жоғары оқу орнының жаңа оқу-зертханалық корпусында еліміздің көрнекті тарихшылары, археологтары, профессорлары, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысқан “Солтүстік Қазақстан тарих ағымында” атты форум өтті. Өңір тарихын зерттеп жүрген ғалымдар ойларын ортаға салып, ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Зарқын Тайшыбай Ресей империясының отарлау саясаты кезінде өңірімізде 10 станица құрылғанын, кейін олар аудан орталықтарына айналғанын, бүгінгі елді мекен атаулары сол кезден қалғанын жеткізді. Университетте Қызылжар өңірінің археологиялық мұрасын сақтаудың, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының қорын өңірлік тарихты зерттеу көзі ретінде пайдаланудың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Жоғары оқу орнының 85 жылдығына арналған салтанатты жиын облыс орталығындағы Оқушылар сарайында жалғасты. Алдымен жиналған қауымға университеттің тарихы туралы бейнефильм көрсетілді. Содан кейін облыс әкімі Айдарбек Сапаров университет ұжымын мерейтоймен құттықтады.
– Біздің университет – өзіндік дәстүрі қалыптасқан білім мен ғылымның қарашаңырағы. Түлектері білікті мамандардың қатарын толықтырып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңарып, оқу процесінде заманауи технологиялар қолданылуда. Жаңа оқу-зертханалық корпус салынып, жатақханалар тұрғызылуда. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып әлемдік деңгейдегі Аризона университетінің филиалы ашылды. Сонымен қатар университетте Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология, Әлкей Марғұлан атындағы археология ғылыми-зерттеу институттарының филиалдары ашылды. Бұл солтүстік өңірдің тарихын, археологиясы мен этнографиясын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді, – деген өңір басшысы Айдарбек Сейпілұлы енді университеттің халықаралық мәртебесін арттыру қажет екеніне тоқталды. Бұл өңірімізге талантты жастарды тартып, кадрлық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Биыл 150 студент қосдипломдық жүйе бойынша білім алып жатса, келер жылы тағы 500 грант бөлінбек.
Өңір басшысы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін таңдаған жастарға сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті маман даярлауға атсалысып, жоғары оқу орнының дамуына өзіндік үлес қосып, жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарды марапаттады. Салтанатты шара барысында университет ұжымын шетелдік әріптестері, өзге өңірлерден келген жетекші оқу орындарының басшылары да құттықтап, жылы лебіздерін жолдады. Әр тапсырылған марапат пен айтылған құттықтау ән мен күймен көмкеріліп, жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.