Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңында медиация тараптар арасында кикілжіңдерді соттан тыс шешуге бағытталған заңды татуласу тәртібі деп көрсетілген. Бұл заң медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиаторлардың мәртебесін айқындайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының былтырғы мерейтойлық сессиясында тараптардың даулы мәселелерін шешуде медиацияның рөлін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Бұған сот жүйесі айрықша үлес қосып келеді. Біз медиация жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеп, талдау жүргізуді және осы тақырып аясында конференциялар мен “дөңгелек үстел”, семинарлар өткізуді дәстүрге айналдырдық. Бұл шараларға сот мамандары ғана емес, адвокаттар, прокурорлар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар да қатысады.
Бүгінде медиацияға арқа сүйеушілер қатары артып келеді. Азаматтық немесе қылмыстық сот ісін шешудің дәстүрлі формасына қарағанда медиация арқылы мәселені реттеудің артықшылықтары көп. Дегенмен, медиация әлі де кең ауқымды қолданысқа енген жоқ.
Медиация заңды және жеке тұлғалардың азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ, ауыр қылмыс түріне жатпайтын әрекеттер бойынша сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларын шешу үшін қолданылады. Қылмыстық кодекстің 68-бабына сәйкес бірінші рет қылмыс жасаған кәмелеттік жасқа толмағандар, екіқабат және көпбалалы әйелдер, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ер кісілер, 58 және 63 жастан асқан әйелдер мен ерлер адам өлімі немесе жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіруден басқа қылмыс түрлерін жасаса, медиация тәртібі қолданылуы мүмкін. Балалар мүддесін қорғауға, мұрагерлікке, тұрғын үйге, пәтерді су басу кезінде келтірілген шығындарды қайтаруға, отбасылық, еңбек ету, сақтандыру және тағы басқа құқықтарға қатысты туындаған даулар да медиация тәртібімен қаралады. Бұл дауласушы жақтардың, яғни туыстардың, көршілердің, жұмыс беруші мен жұмысшының, банк пен қарыз алушының өзара қарым-қатынастарын сақтап, тараптар арасында бітімгершілік орнату үшін аса маңызды.
Медиатор судья екі тараптың мүддесін бірдей қорғап, олардың медиация рәсіміне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Ол медиация құралдары мен әдісін өзі таңдайды және оның іс-әрекетіне мемлекеттік органдар мен өзге тұлғалардың араласуға құқы жоқ.
Медиация рәсімінің сот талқылауынан айырмашылығы – сот – мәжбүрлі, ал медиация ерікті процеске жатады. Медиацияны жүргізу тәртібі мен оның барысында белгілі болған жайттар жария етілмейді. Медиацияға келіскен тараптардың өзара қарым-қатынасы психологиялық жайлы ортада, ынтымақтастық негізінде құрылады. Медиация сотқа жүгінгенге дейін, сондай-ақ, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Медиацияға жүгіну туралы ұсыныс әдетте екінші тараптан немесе оның өтініші бойынша сот, қылмыстық қудалау органдарынан келіп түседі.
Қылмыстық іс бойынша жүргізілетін медиация қылмыстық-процессуалдық заңмен белгіленген сотқа дейінгі және сот өндірісінің мерзімі ішінде жүзеге асырылуы керек. Бұл кезде дауларды реттеу туралы келісім қылмыс жасаған адамның жәбірленушіге келтірген залалын өтеуі нәтижесінде жүзеге асады. Келісім нәтижесі осы іс бойынша қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіліп, қылмыстық-процессуалдық кодексте көзделгендей, қылмыстық қудалауды жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім қабылданады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты медиацияны қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында қолдану және оларды медиативтік келісім жолымен тоқтату мүмкіндігін кеңейту мәселелерін қарастыруда.
Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап облыс соттарында медиативті келісімдерге қол қоюдың қанатқақты жобасы іске қосылды. Жыл басынан бері 1283 медиативті келісім жасалды. Оның ішінде қылмыстық соттарда жеңіл және орташа ауыр қылмыстар санатына жататын істер бойынша 24 медиативті келісімге қол қойылды. Мысалы, 27 наурыз күні сотқа Т.Степанова деген азаматшаның өтініші бойынша қозғалған іс келіп түсті. Онда И.Аверин, А.Котов және В.Ширин деген азаматтарға 113 000 теңге ақша ұрлады деген айып тағылған. Бірақ көп ұзамай, бұл қылмыстық іс бойынша өндіріс тоқтатылып, заңды бұзған тұлғалар қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Өйткені, олар медиация тәртібі бойынша жәбірленушімен өзара бітімгершілікке келе алды.
Сергей ВИКТОРЕНКО, облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың судьясы.