
Бұрнағы күні Жастар сарайында өткен салтанатты жиында, мiне, осы жағы баса айтылды. Петропавл №2 жылу-электр орталығы өкiлдерi үшiн биылғы мерекенiң маңызы зор, өйткенi, кәсіпорын 55 жылдық мерейтойын атап өткелi отыр.
Энергетиктердi облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов құттықтады.
– Өңіріміздің энергетика саласы Тәуелсіздік жылдары үлкен даму жолынан өтті. Облыс орталығындағы ірі кәсіпорын талай қиындықты жеңіп, бүгінде аяғына нық тұрды. Солтүстікқазақстандық энергетиктер өздерінің кәсіби шеберліктерінің арқасында мiндеттерiн қашан да жоғары дәрежеде атқарады. Бүгiн “СевКазЭнерго” акционерлiк қоғамы өзiнiң қызметкерлерi, қала тұрғындары үшiн жаңа жатақхана тапсырып отыр. Мұндай қадам қызметкерлердiң көңiл-күйiне, олардың әлеуметтiк жағдайына ерекше оң ықпал етедi деген сенiмдемiн, – дедi Ерік Хамзаұлы.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жарық пен жылу өндіріп таратумен айналысып келе жатқан кәсіпорын өзінің даму жолында талай қиындықты еңсере отырып, бүгінде биік жетістіктер мен жеңістердің шыңынан көрінуде. Облысымызда электр қуатына деген сұраныстың артуына байланысты 1961 жылдың 30 желтоқсанында №1 турбогенератор іске қосылған болатын. №2 жылу-электр орталығы халыққа қызмет көрсете бастаған сәтінен петропавлдықтар мен барлық елді мекендерді жарықпен қамтамасыз етіп, облыс орталығын жылумен жабдықтап, қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда.
Бүгінде акционерлік қоғам №2 жылу-электр орталығын қайта жаңғырту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде кәсіпорынның құрал-жабдықтарының жаңартылуы, қызмет көрсету сапасының жақсартылуы, тұтынушылар қатарының кеңейтілуі, өндірістің қоршаған ортаға шығаратын ластаушы заттарының азаюы сияқты оң жетістіктерге қол жеткізілуде. №2 жылу-электр орталығының №12 қазандық агрегаты мен №5 турбоагрегатын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жоба құны сәйкесінше, 3,1 және 6,5 млрд. теңге болды. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде қуаттылық 541 МВт-ға дейін артқан. Электр желілік компаниялар 246 қосалқы станция мен 1,5 мың километр электрмен жабдықтау желілерін жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Салтанатты шара барысында “Орталық Азия электроэнергетикалық корпорациясы” АҚ-ның президентi Еркiн Әмiрханов пен “СевКазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Леонид Ларичев энергетиктерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
– Біздің энергетиктер жоғары өндiрiс көрсеткiштерiне қол жеткiздi. 2007 жылмен салыстырсақ, стансаның қуаты артып, 514 МВт-ға жетіп отыр, ал электр қуатын өндiру бүгiнде сағатына 3,2 млрд. кВт-ты құрайды. Саладағы жетістіктерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осының барлығы – бірлік пен ынтымақтастықтың жемісі, қарапайым адамдардың еңбегі, – деп атап өткен Леонид Ларичев энергетика саласын дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында өз саласында толағай табыстарға қол жеткiзген бiр топ энергетик облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, “Орталық Азия электроэнергетикалық корпорациясы” АҚ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал Петропавл №2 жылу-электр орталығының бес ардагері “Ардагер энергетик” атағына ие болды.
Жиын соңы заман ағымына қарай жаңашылдықты қалайтын компанияның шығармашылық ұжымдарының концертіне ұласты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.