Петропавлда көркем гимнастикадан облыстың ашық біріншілігі өз мәресіне жетті. Оған Петропавл, Астана, Көкшетау және Степногорск қалаларынан келген 114 спортшы қатысып, жекелей сында және топтық жаттығуларда бақ сынады.
Екі күнге созылған біріншіліктің қорытындысы бойынша әр жас тобында қызылжарлық Елизавета Завацкая, Олеся Колышева, Валерия Швец, Жәмила Талғарова, Дарья Коваленко, Милана Сайфутдинова және Дарья Андреева алтыннан алқа тағынды.
Сондай-ақ, 2008 жылы туған спортшылар арасында екінші және үшінші орынға облыс құрамасының спортшылары Серафима Шерстюк пен Жұлдыз Ыбыраева жайғасты. 2005-2006 жылдары туғандар арасындағы топтық жаттығуларда жергілікті “Задоринки” және “Незабудки” командалары екінші және үшінші орынды еншіледі. Ал 2006 жылы туғандар арасында қола медальға “Ромашки” командасы ие болды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.