«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ГУЛЕГЕН» ГҮЛ САУДАСЫ

Былтыр қазақстандықтардың гүлге деген сұранысы бір жарым есеге артқан. Қажеттілікті өтеу үшін елімізге шетелден құны 93 млн. доллар болатын 12 мың тонна гүл шоқтары жеткізілген.

Қазақстанға гүл жеткізуші­лердің көшін Эквадор бастап тұр. Импорттық өнімнің 6,4 мың тоннасы осы елден әкелінген. Ал қызғалдағымен әлемге та­нылған Нидерландыдан 2,3 мың тонна өсімдік сатып алыппыз. Көршілес Қытайдан 1,1 мың тонна, Колумбиядан 978 тонна тауар тасымалданған. Кениядан кіргізілген гүлдің көлемі де бір мың тоннаға жуық. Беларусьтен 57, Израильден 51 тонна гүл им­портталған.

Соңғы жылдары гүл сатушы­лар алыстан арбалағанша, жа­қыннан дорбалағанды дұрыс көрген сияқты. Шалғай мемле­кеттерден әкелінетін гүлдің үлесі әлі де көп болғанымен, соңғы жылдары жақын маңдағы елдер­ден өнім алуда өсім бар. Мыса­лы, Қытаймен гүл саудасы 12 есеге, Беларусьпен сауда 9 есеге артқан. Өзге елдерде де пайыз­дық өсім бар. Ал Израильден тауар жеткізу 1,5 есеге қысқар­ған.

Гүлді шекарадан шығынсыз өткізіп, тұтынушыға солмаған күйі жеткізу қанша қиын болса, алынған гүл шоғын үй жағда­йында ұзақ сақтау да оңайға түс­пейтіні анық. Мамандар гүл ұзақ уақыт үйіңізге көрік беріп тұру үшін оны салқын суға салып, күннің көзі көп түспейтін жерге қою керектігін айтады. Жел үр­лейтін терезелер мен тым ыстық жылу желілерінің жанында да тамырсыз өсімдік тез солады. Алайда қанша күтіп-баптаса да, сабағы қиылған гүл көпке бар­майтыны заңдылық.

Аружан ҚҰРЫМБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp