–Дастан Нұртайұлы, заңгерлер болмаса, былайғы жұрт алқабилер соты жайлы жете біле бермейтіндіктен, қысқаша ақпарат бере кетсеңіз.
– Алқабилер соты қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауға қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы қатысатын сот жүйесі институты болып табылады. Алқабилер соты елімізде 2007 жылдан бері қолданылады. Оның құқықтық мәртебесі «Қазақстан Республикасының алқабилер туралы» заңында айқындалған, яғни қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыру өкілеттіктері берілген. 2007-2009 жылдар аралығында алқабилер өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру істерін қараса, 2010-2012 жылдары қылмыс саны кеңейтіліп, аса ауыр қылмысқа жататын барлық істер жүктелді. 2013 жылы алқабилер қарастыратын істер саны қайта қысқартылып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер соты үкім шығара алатын қылмыстардың саны 45-ке дейін артты.
–Алқабилер сот отырыстарының қай кезеңіне қатысады?
–Алқабилер және қосалқы алқабилер сот талқылауы кезiнде сот отырысы залында отыруға тиіс. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөзi екi бөлiктен тұрады. Жарыссөздiң екiншi бөлiгi алқабилердiң қатысуынсыз өткiзiледi, онда сотталушының әрекеттерiн саралау, жаза тағайындау, азаматтық талап қою мәселелерi бойынша мемлекеттік айыптаушының, жәбірленушінің, сотталушының ұстанымдары баяндалады. Сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi.
–Алқабилердің кәсіби судьялардан басты бір айырмашылығы–өз шешімін негіздеуге, сотталушының айыбы дәлелденгенін не дәлелденбегенін растауға міндетті емес. Адам тағдырын шешуді ойыншыққа айналдырып алған жоқпыз ба?
–Барлық мәселе тек заңмен реттеледі. Кеңесу бөлмесiнде судья мен алқабилерден басқа, өзге адамдардың болуына жол берiлмейдi. Судья сот тергеуiнiң нәтижелерiн, тараптардың жарыссөзiн ескере отырып, судья мен алқабилердің кеңесу бөлмесінде шешуге жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдайды, оларды оқиды және тараптарға бередi. Сотталушы жасады деп айыпталып отырған іс- әрекеттердiң әрқайсысы бойынша «Іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме?», «Бұл іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме?», «Бұл іс-әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме?» – деген үш негiзгi сұрақ қойылады. Дауыс беру жасырын және жазбаша жүргiзiледi. Қалыс қалуға ешкімнің құқығы жоқ. Бәрінің дауыстары тең. Судья мен алқабилер дауыс беру құпиясын қамтамасыз ете отырып, сұрақ парағында қойылған және шешiлуге жататын әрбір сұраққа бюллетеньге жауап жазады. Жауап нақты болуы тиіс («иә, дәлелдендi», «жоқ, дәлелденген жоқ», «иә, кiнәлi», «жоқ, кінәсiз»). Бюллетеньдер дауыс беруге арналған жәшiкке салынады. Үш сұрақтың да жауабы оң болған жағдайда ғана кінәлі адамды жазалау мәселесі шешіледі. Жаза мөлшері туралы шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Қабылданған шешім судьяның үкімі түрінде баяндалады. Үкімде алқабилердің аты-жөні көрсетілмейді. Судья үкімге қол қойғаннан кейін алқабилер мен судья сот залына қайтады және судья үкімді жариялайды. Үкім жарияланғаннан кейін алқабидің өкілеттігі тоқтатылады.
–Сонда судьяның рөлі қандай?
–Судья алқабилер кеңесiне басшылық етедi, шешiлуге жататын сұрақтарды рет-ретімен талқылауға қойып, жауаптар бойынша дауыс берудi және дауыстардың есебiн жүргiзедi.
– Егер алқабилер арасынан айыптау үкімімен келіспеуші болса ше?
–Көпшiлiк дауыс берсе, айыптау үкімі қабылданған болып есептеледi.
–Өмір бойына бас бостандығынан айыру үшін алқабилердің нешеуі оң жауап беруі керек?
–Ол үшін судья мен алқабилердің бiрауызды шешiмі болуы тиіс.
– Соңғы жылдары жергілікті алқабилер шығарған үкімге прокуратура тарапынан қарсылық білдіру, істі қайтадан сотқа жіберу фактілері жиілеп кеткені жасырын емес. Төрт қылмыстық іске қатысты үкім күшінің жойылуы –сөзіміздің нақты дәлелі. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта алқабилер заңсыз кен өндірісімен айналысқан В.Долгалев пен оның баласын ақтап шыққаны белгілі. Осы іске қатысы бар С.Құрманбаев пен Т.Сәдуақасов та кінәсіз деп танылып, сот залынан босатылды. Мұндай үкіммен келіспеген прокуратура аппеляциялық шағым түсіріп, бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылды. Іс қайтадан қарауға жіберілді. Күдіктілердің бәрі сот залында қамауға алынды. Алқабилердің бұл әрекетін қалай бағалауға болады? Құқықтық біліксіздік пе әлде кездейсоқ адамдардың орын алуынан ба?
–Алқаби сотта өз міндеттерін атқарған кезеңде оған судьялардың тәуелсіздігіне заңдарда белгіленген кепілдіктер қолданылады, оның қызметіне кімнің болса да, араласуына тыйым салынады. Олардың өз міндеттерін атқаруына кедергі келтіретін адамдар жауапкершілікке тартылады. Сондықтан қандай үкім шығарса да, талқылауға құқымыз жоқ. «Долгалев ісіне» келетін болсақ, бірінші сатыдағы сот отырыстары кезінде алқабилерге қысым көрсетілгені белгілі болды. Сот бұл өтінішке назар аудармаған. Осы себепті сот алқасы қылмыстық іс жүргізу рәсімі бұзылды деген қорытындыға келген.
–Кәсіпкерлерден ақша бопсалаған екі блогер жеті жылға сотталды. Оған дейін алқабилердің қатысуымен өткен сотта олар да судан таза, сүттен ақ болып шықты емес пе?
–Бұл қылмыстық істі талдау барысында бірқатар қателіктер анықталды. Атап айтқанда, қорғаушы тарап алқабилер отырған кезде тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы бірнеше рет мәлімдеген. Талап бойынша сот мұндай жайттарды алқабилер болмаған сәтте қарастыруы тиіс еді. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үш адамның қанын мойнына жүктеген А. Канищевке қатысты алқабилер шығарған үкімнің де күшін жойды. Себебі алқабилер құрамы дұрыс жасақталмаған. Олардың кейбірінің туыстары бұрын істі болған.
– Кімдер алқаби бола алады, олардан не талап етіледі?
– Алқабилер тізімін жасау кезінде 25-65 жас аралығындағы, өтелмеген не алынбаған соттылығы жоқ, әрекетке қабілетті, психика, мінез-құлық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында тіркеуде тұрмаған адамдар таңдалады. Заң, құқық қорғау органдарының өкілдері мен мемлекеттік, әскери қызметшілер енгізілмейді. Бұдан бөлек, қылмыстық іс бойынша сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін, өздерінің дене болмаса психикалық кемістігі салдарынан алқабидің міндеттерін атқаруға қабілетсіз, 65 жастан асқан адамдар, ал діни қызметшілер өздерінің жазбаша өтініші негізінде кандидаттық тізімнен алынып тасталады.
– Алқабиге іріктелген кандидаттың сотқа келмей қалуына бола ма?
– Алқабиге үміткер сотқа келуден себепсіз жалтарған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 655-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалуы немесе айыппұл салынуы мүмкін.
– Алқабиге іріктелген адам негізгі жұмыс орнынан сот процестеріне босатыла ма?
– Алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi. Алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) парапар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленедi.
– Парламент Мәжілісі мақұлдаған алқабилердің жұмыс істеу тәртібін реттейтін заң жобасы қабылданса, алда қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Онда қазылар алқасы бөлек кеңесу бөлмесіне кіріп, судьяның қатысуынсыз шешім қабылдайды. Демек, алқабилер сотының гибрид жүйесінен классикалық алқабилер сотына көшеміз деген сөз. Ал қазіргі гибрид үлгіде қолданылып жүргендей алқабилер судьямен бірге дауыс береді. Бұл жердегі негізгі мәселе – сот процесінің ашықтығы, кеңесу бөлмесінде дауыс берудің адал әрі әділ өтуіне барынша ықпал ету. Алқабилер сотының қазіргі гибрид жүйесіне сәйкес, қылмыстық істерді 1 судья және 10 алқаби қарайды, екі қосалқы алқаби болады.
–Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».
ӨМІРДЕРЕК
Туған жері: Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы.
Туған жылы: 1986 жылғы 21 сәуір.
Марапаты: облыс әкімінің Алғыс хаты, облыстық сот төрағасының Құрмет грамотасы.
Қызметі: облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы.