Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Динамо” дене шынықтыру спорт қоғамында болып, құқық қорғау органдарының стадионында жүргізілген жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген аталмыш стадионды қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 58,8 млн. теңге қаржы бөлінген болатын. Бұл жұмысты Агамалы Ахадов басқаратын “СевКазЭнергоСтрой” ЖШС биылғы қазан айында қолға алған. “Динамо” дене шынықтыру спорт қоғамы төрағасының орынбасары Қайырбек Орынбаевтың айтуынша, содан бері 800 шаршы метр аумақты алып жатқан спорт залының іші-сырты, кәріздері мен құрғатқылары, душтары мен дәретханалары, тынығу бөлмесі күрделі жөндеуден өткізілді. Бөлінген қаржының қалған бөлігі жаз айларында стадион аумағын абаттандыруға жұмсалмақ.
Стадион директоры Марат Шәріпов “Динамо” дене шынықтыру спорт қоғамында жазғы және қысқы олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жаттығу жүргізіліп, күш құрылымдарының арасында жарыстар ұйымдастырылатындығын, қазірдің өзінде онда қалалық, облыстық және республикалық құрама қомандаларға мүше болып табылатын 83 спортшы тұрақты түрде жаттығатындығын айтты. Жаңғыртылған зал қыстыгүні шағын футболмен, қол добымен, волейбол, баскетболмен үзіліссіз айналысуға мүмкіндік береді.
Ерік Хамзаұлы стадионның ашық алаңдағы хоккей кортын, спорт залын аралап, атқарылған жұмысқа жоғары баға берді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.