Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда төрт мәселе қаралды.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің алдында алдымен облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев қызметтік тәртіпті нығайтуға бағытталған жұмыстар мен қарамағындағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы жөнінде баяндады. Аталмыш басқармада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Дегенмен, әдеп жөніндегі кеңес мүшелері оған жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысында заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Филипповаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту және оған ішкі талдау жүргізу ұсынылды. Аталмыш департаментте бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беру оқиғалары кездесіп қалып жатады екен. Әдеп кеңесінің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев мұнда ашық сауда әдісінде бір үміткердің бірнеше рет жеңгеніне назар аударып, техникалық кедергілер туындауынан осындай отырыстардың кейінге қалдырылып келгенін сынға алды.
Бұдан кейін мемлекеттік қызмет саласына бақылау басқармасының басшысы Дулат Тайшабай өңір тұрғындарының мемлекеттік органдардың үстінен түсірген арыз-шағымдарына тоқталды. Жыл басынан бері мұндай мазмұндағы 17 өтініш түсіп, мәселенің анық-қанығы тексеріліп, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ, иесінің аты-жөні жазылмаған “домалақ” арыздар да келеді екен. Ондай шағымдар қаралмайды.
Отырыс соңында әдеп жөніндегі кеңестің аудандарда өтетін көшпелі жиынының кестесі бекітілді.
Жан АЙТМАҒАМБЕТОВ,
Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша
департаментінің баспасөз хатшысы.