Әр адамға деннің саулығынан артық бақыт жоқ. Әсіресе, егде жасқа келген мен сияқты қарт жандар үшін он екі мүшесінің сау болғаны маңызды.
Сақтық шараларын орындап, қанша күтінгеніммен мені де індет айналып өтпеді. 80-нен асқан шағымда бүкіл әлемді жаулаған қауіпті ауруға шалдығып, “Жедел жәрдемнің” көмегімен ауыр халде облыстық аурухананың провизорлық бөлімшесінен бірақ шықтым. Бұл сырқат бір сәтте-ақ он екі мүшеңнің қызметін әлсіретіп тастайды екен. Азғантай уақыттың ішінде дене қызуым көтеріліп, жөтел қысып, дел-сал болдым да қалдым. Провизорда он күн бойы өзге науқастармен қатар қажетті ем-дом қабылдағаннан кейін ғана денсаулығым бұрынғы қалпына келе бастады. Дем жетпей қатты қиналған кезде аурухананың тәжірибелі дәрігерлері терапевт Әсем Балтабаева мен хирург Михаил Четверов жанымнан табылды.
Коронавирус инфекциясына шалдыққандар қатарының азаюына байланысты мен ем қабылдап жатқан провизор жабылып, барлық науқастармен бірге үшінші қалалық ауруханаға ауыстырылдым. Мұнда да ақ халатты абзал жандар өз міндеттерін адал атқарып, күндіз-түні жанымыздан табылды. Карантин кезінде медициналық қызметкерлердің өздері де ауру жұқтырып, ауырғанын білемін. Осындай сәтте әріптестерінің орнын жоқтатпау үшін жас мамандар жұмысқа тартылып, сырқат жандарға уақтылы медициналық көмек көрсету ойдағыдай жалғасты. Біраз жылдар бойы №3 қалалық ауруханада медбике болып жұмыс істейтін Маржан Қойшинаға деген алғысым шексіз. Ол – жас болса да, басы ауырып, балтыры сыздағандардың ризашылығына бөленіп үлгерген білікті маманның бірі. Қан тамырына инені дөп қойып, өзіне жүктелген міндетті шапшаң орындайды. Әрі кәріні құрметтеуі, кісі сыйлауы көңілімнен шықты. Осындай жандардың арқасында екі аптадан соң денсаулығым жақсарып, үйіме аман-сау оралдым. Індеттен арылуыма қол ұшын созған емдеу мекемелерінің барлық қызметкерлеріне зор алғысымды білдіремін.
Мұрат НҰРМҰҚАНОВ,
еңбек ардагері.