
“Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ-ның Петропавл қаласындағы филиалын жергілікті тұрғындар “Протез зауыты” деп атап кеткен. Аталмыш орталықтың тарихы 1942 жылдан басталады. Сол жылы зауыттың іргетасы Булаево қаласында қаланған. Ондағы технология ағаштан жасалатын бұйымдарға негізделген болатын. Яғни, онда аяқтан айрылғандарға тіремелі бұйымдар жонып беріп, мүгедектің жүріп-тұруына жағдай жасалған. Шағын цехтың ашылуы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына тұспа-тұс келуі де кездейсоқ емес. Бұл соғыстан аяқсыз, қолсыз оралған жауынгерлердің қатары көбейген кез болатын. Цехтың қажеттілігі артып, 1943 жылы ол облыс орталығына көшірілген. Содан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде протез-ортопедия орталығының Петропавлдағы филиалы мемлекеттік тапсырысқа сәйкес Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласындағы мүгедек жандарға қызмет көрсетеді.
Филиал орналасқан төртқабатты кірпіш үйде кәсіпорынның әкімшілігі, 70 орындық станционарлық емхана және шағын цех жұмыс істейді. Жылына 7 мыңға жуық мүгедек өзінің ауруына ем, жанына дауа іздеп осында келеді. Онда 100-ге жуық бұйым түрлерін жасайтын қолдары епті ұжым қалыптасқан. Бұл жерде арбаға отырып келген адамның бірер күннен кейін аяғынан тік тұрып, үйіне қайтуы үйреншікті жайға айналған.
Аталмыш кәсіпорынның директоры Николай Петровтың айтуынша, жыл сайын мемлекет миллиондап қаржы бөледі, соның негізінде кәсіпорын тізімде тұрған қазақстандық мүгедектерге тегін қызмет көрсетеді.
– Қазақстанның әр азаматы Конституция бойынша медициналық көмек алуға құқылы. Жылда тендерге қатысып, мемлекеттің сенімін арқалап, өзіміздің жылдық жұмыс жоспарымызды құрамыз. Бюджеттен бөлінген қаржы есебінен әлеуметтік көмекке зәру бес өңірдің мүгедектерін қабылдап, оларға түрлі протездер жасаймыз. Аяғынан кемтар жанға ескі технологиямен де немесе бірнеше миллион теңгеге бағаланатын соңғы жаңалық жетістігін пайдаланып та протездер жасауға мамандарымыздың біліктілігі жетеді. Бірақ тендер ережесінде бір адамға белгілі бір сома мөлшерінде қызмет көрсету белгіленген. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс тізіміндегі тұтынушыға жасалатын бұйым қаржы мөлшеріне байланысты болады. Бүгінгі протездердің технологиялық даму үдерісіне ілесу оңай емес. Адамның дене мүшесінің жасанды екендігін байқатпау мақсатында тәсілдер ұдайы жаңартылуда. Сондықтан мамандарымызды шетелдерге жіберіп, біліктіліктерін арттырып отырамыз, – дейді кәсіпорын басшысы.
Кәсіпорында өз ісінің шын мәніндегі шеберлері көптеп саналады. Олар әртүрлі протездерді шетелдік әріптестерінен кем жасамайды. Маманның айтуынша, бұл кәсіп Еуропа, Америка, Түркия елдерінде жақсы дамыған. Сондықтан бәсекеге түсу үшін кәсіпорын соларға қарап, ой мен бой түзеуге, олардың технологиялары мен шикізаттарын, бұйымдарын сатып алуға мәжбүр.
Ұжымда Федор Энгельдің есімі құрметпен аталады. Оның осы кәсіпорындағы еңбек өтілі – 35 жыл. Елімізде протезші-техник қызметкерлері арасында Құрмет орденін таққан жалғыз адам болса, ол – Федор Энгель. Ортопедиялық аяқкиімдер тігетін Иван Першуткин, протезші-дәрігер Роза Абдулина да ұжымның беткеұстарлары. Протез – дәлдікті талап ететін бұйым. Оның әр миллиметрі денеге сәйкес келмесе, оны пайдаланушы үлкен жайсыздық сезінуі мүмкін. Сондықтан шетелдерден құрама технологиялар жеткізілгенмен, протездің ісі бітпейді. Бұйымды біздің шеберлер қырлап, жетілдіреді. Өзі басшылық жасайтын кәсіпорында білікті мамандар еңбек ететінін мақтан еткен Николай Николаевич тұрақты тапсырыс берушілердің тізімі қалыптасқанын айта отырып, ресейлік әріптестеріне үлкен бәсекелестік тудыратынын да жасырмады.
– Ресейдің біздің облысқа көрші жатқан аймақтарынан адамдар жиі келеді. Тұтынушыларымыздың арасында қалыптасқан беделімізді пайдаланып, Ресей мемлекетінің де тендерлік шараларына қатысуға болар еді. Бірақ қуаттылығымыздың шегін білгендіктен, әзірге ондай мүмкіндікті пайдалануға ұмтылып отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз – қазақстандықтарға мінсіз қызмет көрсету, – дейді ол.
Аталмыш кәсіпорынның жұмысы туралы бұрыннан құлағдар болғандықтан, олардың осыдан үш жыл бұрын Қазақстанда бірінші болып бионикалық протез жасағандары есімде. Сондағы жол апатынан жарақат алып, қолы кесілген адам ми импульсы арқылы жұмыс істейтін биоқолды Батыс елдерінің бірінде жасатса, оған 380 мың еуро төлейтін еді. Ал мұнда оны мемлекет есебінен тегін жасатты. Былтыр Швецияда адамның сүйегіне, бұлшық етіне жүйке талшықтарына жалғанатын сезімтал протез жасалып, жасанды қолды мидың көмегімен қозғалту мүмкіндігіне қол жеткізілді. Мұндай күрделі қозғалмалы механизмді орнатуға зауыттағы мамандардың қолы епсекті. Олар бөлшектеліп келген протездердің қосалқы тетіктерін оңай келістіріп, сәйкес келмеген тұстарын өздері жетілдіріп отырады.
Протез-ортопедиялық бұйымдар кім болса сол сатып алсын деп нарыққа шығарып тастайтын тауар емес. Сол себепті орталық арнайы дүкен ұстамайды. Ал егер қала ішіндегі сауда орындарында ортопедиялық бұйымдар сататын дүңгіршекті көре қалсаңыз, бұл аталмыш орталықтың тауарлары деген ойдан аулақ болыңыз. Өйткені, кәсіпорын басшысы өз жұмыстарын мұндай тәсілмен ұйымдастыруға қарсы. Ол бір қалыптағы зат екі адамға бірдей сәйкес келмейтін теорияға сүйенеді. Протез қолаяқтар тұрмақ, ортопедиялық ұсақ-түйек бұйымдардың өзі бей-берекет сатылмауы керек, дейді ол. Кәсіпорын ішінде кейбір дайын өнімдерді қоятын қойма бар. Тұтынушы кәсіпорын дәрігерінің берген сараптамасымен бұйымды ортопед-техникке тексертіп алған соң ғана қолдана алады. Мәселен, сүйену үшін алынатын таяқтың сабының ұзындығы мен тұтқасының жуандығы адам денесіне шақталуы керек. Немесе майтабан адамдардың барлығына бірдей тігілген аяқкиім сәйкес келе бермейді екен.
Осындай игі істің басын қайырып отырған кәсіпорынның жұмысына кедергі болатын мәселелер де жоқ емес. Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде бұл мамандыққа бейімдейтін, қызметкерлердің біліктілігін арттыратын оқыту орнының жоқтығы қиындық тудырады. Аса күрделі екінші мәселе – мемлекеттік тапсырыстың жүзеге асырылу үдерісі. Тендердің жариялану тәртібі мен ережесі кәсіпорынның жұмысына үлкен қолбайлау жасап келеді. Шараны ұйымдастыру кезеңі тауар өндірушілердің жұмысына лайықталмаған. Ойымызды тарқатып айтар болсақ, бұл салада да тендер жыл басында өткізіледі. Күтеді. Оны жеңіп, шешімін қолға алғанша 1-1,5 ай жоғалтады. Бұл кезде орталықтың жұмысы жартылай тоқтап тұрады. Одан кейін мемлекеттік жолдамамен келетін тұтынушылармен шарт жасау басталады. Олар толық құжаттарын жиғанша тағы жарты ай өтеді.
– Біріншіден, протез кезегінде тұрған адамдар тағатсыздана күтеді. Екіншіден, біз тендердің шешімінсіз жұмысымызды жоспарлай алмаймыз. Мұны, әрине, жоғарыда отырғандар жақсы біледі. Бірақ тендер тәртібіндегі жүйеленбеген тұстар әлі күнге дейін түзетілмей келеді, – дейді Николай Николаевич.
Мұндағы 75 кереуеттік стационар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Протез жасатуға келген адамның емханаға жатып, толық тексеруден өтіп, денсаулығын түзетуге мүмкіндігі бар. Мұнда олар өздеріне қажетті көптеген қосымша жаттығуларды үйренеді, өзі сияқтылармен араласып, өмірге басқаша қарауға дағдыланады. Моральдық және психологиялық тұрғыдан үлкен қуат алады. Бұл жерде талайлар жараланып келген көңілін орнықтырған, өмір сүруге деген құлшынысын арттырып, өз басындағы жағдайға жаңа көзқараспен қарауға үйренген. Бұл қалыптасқан дәстүр бүгінде жалғасын тауып келеді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.