Облыс орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай эвакуациялық госпитальдарда қайтыс болған Ұлы Отан соғысының қатысушыларына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шараға еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, интернационалист жауынгерлер, «AMANAT» партиясының белсенділері, жастар мен студенттер қатысты.
Шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев те сөз сөйлеп, ардагерлерге және салтанатты іс-шараға қатысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Ол ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды екенін атап өтті.
Жеңіс күніне орай партия мүшелері мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері бірнеше апта бойы «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп, ескі зираттағы мемориалдарды қоқыстан тазартып, маңайын абаттандырған.
– Қазақ елі Жеңіске жету үшін майданда да, тылда да аянбай тер төкті. Қазақстаннан соғысқа 1 миллион 200 мың адам аттанды. Өкінішке қарай, олардың тең жартысы елге оралған жоқ. Еліміздің тыныштығы үшін жандарын пида еткен олардың ерліктерін ұмытпаймыз, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
Сұм соғыстың миллиондаған отбасының тағдырында із қалдырғанын еңбек ардагері Мұхамедияр Шаяхиннің сөзінен айқын аңғаруға болады.
– Мен әкемнің соғыстан кейін айтқан әңгімелерін әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Ол кісі әрдайым «Ең маңыздысы – есте сақтау» дейтін. Егер біз оларды есімізде сақтасақ, олар біздің жүрегімізде мәңгі жасайды. Біз – майдан даласында оқ пен оттың ортасында болған батырлардың ұрпағымыз, – деді ол.
Петропавлдағы ескі зиратта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған 4 ескерткіш бар. Іс-шараға жиналғандар ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».