Қазақстан полициясына 25 жылдығына орай Петропавлдағы Спорт сарайында тәртіп сақшылары арасында қазақ күресінен “Полиция барысы” облыстық жарысы өз мәресіне жетті. Дәстүрлі додаға облыстың құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарынан жасақталған 17 команда қатысып, 32 балуан бақтарын сынады.
Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде қатысушыларды облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов пен кәсіпқой боксшы, WBA (Super) тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жанат Жақиянов құттықтап, боз кілемде сәттілік тіледі.
Жарыстың қорытындысы бойынша облыстық ішкі істер департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағы командирінің орынбасары Ерік Құлжанов жеңімпаз атанды. 32 жастағы офицер боз кілемде алты кездесу өткізген. Полиция майоры ақтық кезеңде жарыстың былтырғы жеңімпазы – мамандандырылған күзет басқармасының өкілі, полиция сержанты Азат Шаукеровпен кездесіп, бұл бәсекеде де басымдық танытып, жеңіске жетті. Ал Аққайың ауданының учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Ерлан Мақанов үздік үштікке енді.
Барлық жүлдегерлер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал сайыстың жеңімпазы Ерік Құлжановқа сыйлық ретінде теледидар табысталды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.