
«Ана тілі» газетін оқисыз ба? Ондағы көтеріліп жүрген мәселелерге қанықсыз ба? Көкейіңізден шыққан қандай мақалаларды айта алар едіңіз?
Солтүстік Қазақстан әкімдігінде, қала және аудан әкімдіктерінде, мекемелерде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу қалай болып отыр? Кей жерлерде қазақ тілінің аударма тіл (құжат алдымен орыс тілінде дайындалады, содан кейін қазақ тіліне аударылады) күйінде қалып отырғаны байқалады. Бұл жөніндегі пікіріңіз қандай?
Облыс әкімдігі аппаратының қызметкерлері «Ана тілін» және басқа да қазақтілді басылымдарды оқып тұра ма?
Қызметке қабылдарда болашақ әкімдік қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейі ескеріле ме?
Бірқатар облыстарда арнайы сериямен жергілікті жердегі қаламгерлердің көркем, публицистикалық шығармалары шығарылып жүр. Сіздерде бұл іс қолға алынған ба? Өңірдегі әдебиет, өнер өкілдерімен, журналистерімен кездесу өткізіп тұрасыз ба? Облыстағы тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың құзыретін күшейту үшін қандай ойларыңыз бар? Тіл басқармасының Тіл комитетімен, «Қазақ тілі» ұйымдарымен байланысы жөнінде не айтар едіңіз?
Тіліміздің өз топырағында кеңірек қанат жаюына елдегі қазақ тіліндегі басылымдардың көптеп таралуының да ықпалы зор. Өңірде «Ана тілінің» бүгінгі таралуы Сізді қанағаттандыра ма?
1. «Ана тілі» газеті біздің қасиетті тілімізді, ұлттық болмысымызды, құндылықтарымызды, ата-баба дәстүрін насихаттайтын басылым ретінде белгілі. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігімізді кеңге жайып, кемшін түскен жерімізді ескертіп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқан беделді басылым. Әрине, газетте оқитын дүниелер көп. Әдеби-тарихи мақалалармен қатар жастардың шығармашылығына да кең орын берілген. Ана тіліміздің қорғаушысы ретінде газеттің атқарып жатқан шаруасы аз емес.
Жақында газеттің соңғы нөмірлерінің бірінде басылған «Шетел терминдерін аударғанымыз дұрыс па?» деген Бауыржан Жонкешовтің материалына көзім түсті. Автордың «терминдерді жаңғырту ісіне талғам қажет» деген ұсынысы ойлантарлық-ақ.
2. Елбасының «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» деп қадап айтқан пікірі баршамыз үшін берік ұстанатын қағида. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәнінде қоғамдық қарым-қатынас тілі ету – бүгінгі күннің талабы екендігі бәрімізге белгілі.
Біздің солтүстік өңірде, әрине, тіл мәселесін шешу әлдеқайда күрделі мәселе екені рас. Десек те, Елбасының халыққа Жолдауында айтылған 2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызының мемлекеттік тілді меңгеруі үшін облысымызда да түрлі шаралар қолға алынып, іске асырылуда. Әкімдіктерде ғана емес, жалпы облыстағы барлық мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын арттыру мәселесі үнемі назарда болып келеді.
Елбасының іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру жөніндегі Жарлығын орындау мақсатында өңірімізде ай сайын мемлекеттік органдар мен мекемелердің құжат айналымына мониторинг жасалып, талданып отырады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттар үлесі 97 пайызға жетті.
Бүгінге дейін мемлекеттік тілді оқыту орталығы арқылы 124 топта 2624 мемлекеттік қызметші және облыс тұрғындары мемлекеттік тілді оқыды. Оқу жылының соңында Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы қызметкерлерінің қатысуымен Мемлекеттік тілді оқыту орталығының тыңдаушылары және облыс аудандарының мемлекеттік қызметшілерінің арасында «Қазтест» өткізілді. Тестке 2196 адам қатысып, 33 тыңдаушы республикалық В1 (орта деңгей) сертификатына ие болды. Осы жылы қазақ тілін меңгерген облыс тұрғындарының үлесін 45,5 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Менің ойымша, қазіргі таңда еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілін үйреніп, оның қолданыс аясын кеңейту үшін еш кедергі жоқ. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Елбасы айтқандай, қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі қажет. Сол жағдайда ғана өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді толық мойындайды.
3. Әрине, облыстық әкімдік аппаратының қызметкерлері «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айқын», «Қазақстан-Заман», «Жас Алаш» сияқты республикалық газеттерге, «Солтүстік Қазақстан», «Қызылжар нұры» сияқты жергілікті басылымдарға жазылған.
4. Мемлекеттік қызметке келерде әрбір кандидат тестілеу орталығында тестілеуден өтеді. Тест бағдарламасына мемлекеттік тіл де енгізілгені белгілі. Сонымен қатар, келесі кезең әңгімелесу кезінде үміткердің мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады. Бұл ретте, соңғы жылдары мемлекеттік тілді бір кісідей меңгерген жастардың жұмысқа алынып жатқанын атап өткен жөн. Бүгінде, әкімдік аппаратында, басқармаларда қазақ тілінде ісқағаздарды еркін жүргізе алатын өзге ұлт өкілдері де бар. Жақында мен мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жастарымен, атап айтқанда, орыс, неміс, тәжік, армян, украин, даргин ұлтының өкілдерімен кездестім. Ішінде қазақтың әнін әуелете салатындар, домбыраның құлағында ойнайтындар да, қазақтың түтінін түтетіп отырған келіндер де бар. Солардың арасындағы ондаған жас маман түрлі деңгейдегі әкімдіктерде жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы қазақ-орыс тілін қатар меңгерген.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі құжат айналымы мол екендігі баршаға мәлім. Оның барлығын аудармашы аударып отыра алмайды. Қызметкердің өз хаттарын өзі жазып жіберуіне тура келеді. Сондықтан бүгінде мемлекеттік қызметте қазақ тілін білмей жұмыс істеу қиын екенін мамандардың өздері де біледі.
5. Арнайы сериямен жергілікті ақын-жазушылардың еңбектерінің топтамасын жасау – көкейде жүрген мәселелердің бірі. Әзірге олардың еңбектері жеке-дара кітап болып басылып жүр. Сонымен қатар, облыста ай сайын қоғамдық-саяси, әдеби «Мағжан» журналы жарық көреді. Белгілі қоғам қайраткері, журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменовтің басшылығымен шығарылатын журналға жергілікті қаламгерлер өз еңбектерін жариялап, жас таланттарымыз тырнақалды туындыларымен бөлісіп жүр.
Ақын, жазушы ағаларымызбен кездесуге келетін болсақ, олардың әрқайсысына әрқашан есігіміз ашық. Олармен кездесіп, ағалық ақылдарын тыңдап тұрамыз. Туындыларын жазып біткен бойда құлаққағыс қылып қоятын да ағаларымыз бар.
Ал журналистер қауымымен жылына олардың кәсіби мерекесі – Журналистер күні қарсаңында кездесу, кейін Тәуелсіздік күніне орай БАҚ өкілдері арасындағы байқау қорытындысын шығару біраз облыста да дәстүрге айналған екен. Біз де осы дәстүрді бұлжытпай орындап келеміз. Одан басқа БАҚ пен қарым-қатынас жөніндегі кеңес отырысы бар. Бұл жиынға да журналистер үлкен қызығушылық танытады. Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша өздерінің ескертпелерін жасап, біздің жұмысымызды, облыстағы ахуалды сұрап жатады.
6. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тілімізді құқықтық тұрғыдан бекіткен «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» Заңы және Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жұмыс істейді. Жыл сайын облыс әкімінің тікелей қатысуымен Тілдер фестивалі өтеді. Президенттің тіл саясатын іске асыруда облысымыздағы атқарылып жатқан істер сараланады.
Осы фестивальда «Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік аудан», «Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік кәсіпорын», «Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік селолық округ», «Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік аумақтық мекеме», «Өлке тарихын және әдебиетін зерттеуге үлес қосқан мемлекеттік емес ұйым» аталымдары бойынша анықталған үздіктер дипломдармен және мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталып келеді. Ұлы жерлесіміз Мағжанның шығармашылығын насихаттау мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен «Мағжан көктемі» республикалық фестивалін өткізу дәстүрге айналды.
Басқарманың мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы ауқымды іс-шараларын қолдап, іске асыру жолындағы мәселелердің оң шешімін табуына көмектесеміз.
Басқарма Тіл комитетімен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық және қалалық филиалдарымен тікелей байланыста жұмыс істейді. Өйткені, «Бәрінің илеп отырғаны – бір терінің пұшпағы». Жалпы алғанда, ана тіліміздің қоғамның барлық салаларында өз мәртебесіне лайық орын алуы – мемлекеттік мәні бар өте маңызды мәселе.
7. Қазақтілді басылымдар – қай кезде болсын жаңалықтың жаршысы. Тіл мәселесіне келгенде қазақтілді журналистер сүбелі дүниелер жазып жүр. Олардың арасындағы «Ана тілі» газетінің орны ерекше. Облыста бұл басылымның тұрақты оқырмандары бар. Оқу орындары, кітапханалар, мекемелер жазылып тұрады. Газеттің алдағы уақытта да оқырмандары мол болады деп ойлаймын. Бүгінде облыста барлық басылымға жазылуға мүмкіндік жасалған. Кез келген басылым өкілдері еңбек ұжымдарында оқырмандармен кездесулер өткізе алады.
8. Өзіме қоятын талаптарымның бірі – күн сайын міндетті түрде кітап оқу. Қазақ, орыс классиктерінің туындыларын ерекше қызығушылықпен оқимын. Кейбір шетелдік классиктердің кітаптарын оқып шықтым. І.Есенберлиннің «Көшпенділерін» орыс тілінде оқыған едім. Екі ай болды қазақ тіліндегі нұсқасын оқудамын. Әлемнің 30 тіліне аударылған трилогияны түпнұсқасында оқудың ерекшелігін сезініп жатырмын. Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтіліп жатқан жылы барлық қазақстандықтар осы трилогияны оқып шыққаны дұрыс деп ойлаймын. Сонда тарихқа, тәуелсіздікті аңсап өткен хандарға, батырларға деген құрмет арта түсер еді.
(«Ана тілі», 2015 жылғы 2 сәуір).