Өңірімізде түрлі деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі басталды. 15 қаңтардан бастап бір ай бойы 600-ден астам есептік кездесу өткізу жоспарланған. Белгіленген кестеге сәйкес ауылдық округ әкімдері 401, аудандар мен Петропавл қаласының әкімі 201 кездесу өткізуі тиіс. Жылдағы тәртіп бойынша алдымен ауылдық округ әкімдері есептік кездесулер өткізіп, алдағы мақсат-міндеттермен таныстырады.
Алғашқылардың бірі болып Мамлют ауданының Новомихайлов ауылдық округінің әкімі Совет Қорғанбаев тұрғындар алдында есеп берді. Әкімнің айтуынша, былтыр ауылды көркейту жұмыстары қолға алынып, дәріхана ашылып, көшелер жөнделіпті. Ал биыл тозығы жеткен мектептің ғимараты қалпына келтірілмек. “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында білім ордасын жөндеуге 70 млн. теңге қаржы бөлінген. Ауылдық округ тұрғындарының осы жолы көтерген мәселесі – екінші фельдшерлік-акушерлік пункт ашу. Себебі екі мыңнан астам тұрғыны бар ауылдық округке бір ғана медициналық пункт аздық етіп отыр.
Қызылжар ауданындағы Вагулино ауылдық округінің әкімі Людмила Терехова да өткен жылғы жұмысын қорытындылап, биылғы жоспарымен бөлісті. Вагулино ауылдық округіне бес елді мекен қарайды. Тұрғындардың саны 1,5 мыңға жетеді. Округ аумағында төрт ірі серіктестік, фермерлік және шаруа қожалығы бар. Ауыл тұрғындарының жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Арнайы бағдарлама аясында Красноярка, Вагулино мен Кустовой ауылдарына кіреберіс жолдар жөнделіп, барлық елді мекендердің көшелеріне жарық шамдары орнатылды.
Былтыр ауылдық округтің 69 тұрғыны жұмыспен қамтылып, он отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі елуге жуық жанға күтім көрсетіледі. Есепті кездесуде Кустовой ауылының тұрғындары таза ауызсуға зәру екендерін айтты. Округ әкімі Людмила Терехованың айтуына қарағанда, бұл ауылға су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын. Жалпы ауылдық округ әкімінің 2020 жылға жоспары ауқымды. Әсіресе, елді мекенді абаттандыру мәселесіне көп көңіл бөлінбек.
Өткен жылы өңірімізде барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулерінде тұрғындар тарапынан 2069 өтініш түсті. Оның 2056-сы әлеуметтік салаға қатысты болды. Көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынып, көбі шешімін тауыпты. Мәселен, Петропавл қаласында тұрғындардың аулаларды абаттандыру және балаларға арналған ойын алаңдарын салу туралы өтініштері орындалды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.