«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСЕПКЕ ЖҮЙРІК ӘСЕМГҮЛ

Білім сапасын арттыру мақсатында физика пәні мұғалімдерінің арасында облыстық байқау өтті. Осынау білім додасында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың мұғалімі Әсемгүл Сыздықова жүлдегер атанды.

Бала күнінен алғашқы ұстазы Надежда Бондареваға еліктеген қаршадай қыздың арманы бастауыш сыныптың мұғалімі болу еді. Алайда, мектепті “Алтын белгіге” тамамдаған Әсемгүл Дәуренбекқызы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің физика факультетіне грантпен түседі. “Мұғалімнің оқушы өмірінде алатын орны ерекше. Ильинка орта мектебінде физика пәнінен Александр Чебаков сабақ берді. Ол кісінің әр сабағы тартымды өтетін. Сондықтан да болар, үлкен өмірге қанат қаққан шағымда ойланбастан физика пәнінің мұғалімі мамандығын таңдадым”, – деген Әсемгүл Сыздықова университетте алған білімін тәжірибемен ұштастыруда қиындықтар да кездескенін еске алды.

“Еңбек ширатады, өмір үйретеді” дегендей, ол алғашқы қиналған сәттерінде педагогтік қызметтен бас тартпақ та болған. Алайда, жіберген қателіктерін түзету арқылы өмірлік сабақ алған. Қазір ол өзінің табиғатына ұстаздықтан жақын мамандық жоқ екенін айтады.

Бүгінгі таңда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта физикадан сабақ бере жүріп, оқушыларды ғылыми жобаларға баулиды. Олардың нәтижелері де баршылық. Түрлі сайысқа қатысу арқылы мұғалімнің біліктілігі арта түсетінін ескерген ұстаздың өзі де мұғалімдер арасында ұйымдастырылатын жарыстардан шет қалған емес. Бұған дейін де физика пәні мұғалімдерінің арасында өтетін қашықтық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген.

Облыстың әр ауданынан келген жүйріктермен болған соңғы білім додасында ол өзінің тәжірибелі мұғалімдермен иық тірестіре алатынын дәлелдеді. “Берілген тапсырмалар мұғалімнің қисынды ойлау біліктілігіне құрылған, күрделі формулаларды пайдалана отырып, есептерді шығару әдісінде терең үдерістерді қарастыруға арналды. Тапсырмаларды орындау барысында әр ұстаздың өз біліктілігін барынша көрсетіп, функционалдық сауаттылығын дамытуына жағдай жасалды”, – дейді Әсемгүл Сыздықова.

Ұстаздың айтуынша, физика пәніне бөлінген сағат санының аздығы оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік бермейді. Бағдарлама бойынша әр сабақ сайын жаңа тақырып өтіледі. Одан қалуға және болмайды. Дегенмен, білім беру мазмұнын жаңғыртудың бүгінгі жағдайында әр ұстаз оқытудың жаңа тәсілдерін меңгеруге тиіс. Яғни, әр мұғалім өзінің біліктілігін көтере отырып, оқушыны мектепте алған білімдағдыларын өмірде тиімді қолдануға үйретуі қажет. Сондықтан ұстаз оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында оқытудың интербелсенді әдістерін, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды, адамдар өмірінен мысалдарды, түрлендірілген (графикалық, эксперименттік, сапалық физикалық) есептерді сабақтарында жиі пайдаланатынын алға тартты.

Әсемгүл Дәуренбекқызы осы жеткен жетістіктерімен шектеліп қалмақ емес. Ол орыс мектебін бітіргендіктен, ана тілін еркін меңгеруді алдына мақсат етіп қойған. Биылғы оқу жылынан бастап Петропавл қаласындағы Жұмабек Тәшенев атындағы №20 орта мектепте физика пәнінен қосымша сағаттар алып, қазақ тілінде сабақ беріп жүр. Екі баланың анасы атанған ұстаз бос уақытында отбасымен таза ауада серуендеп, спортпен шұғылданады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp