Елімізде еңбек адамының құқығын қорғап, әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолғабыс ететін басты ұйым – кәсіподақ. Жұмысшылардың еңбегін лайықты бағалау да – осы ұйымның негізгі міндеттерінің бірі. Петропавл қаласында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтіп, оған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев қатысты.
Жиын барысында “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев бүгінге дейін атқарылған жұмысы туралы баяндап, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Бұдан соң сөз алған Мұхтар Тінікеев Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде бейбітшіліктің салтанат құруына қосқан үлесіне тоқталып, тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістіктерді саралады.
– Бүгіндері біз егемендігіміздің берік негізі – мемлекеттік рәміздері бар бақуатты да бейбіт елде тұрып жатырмыз. Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз және Гимніміз – біртұтастығымызды бейнелейтін атрибуттар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді барша әлемге танытты. Ол ел экономикасын өркендету мақсатында шетелдерді аралап, инвесторлар тартуда, – деді Мұхтар Бәкірұлы.
Кәсіподақ төрағасы орынбасарының айтуынша, ұжымдарда еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қадағалау – федерацияның күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Жалпы 300-ден астам бастауыш ұйымда болған федерация басшылығы қарапайым еңбек адамына тұрақты жұмыс, лайықты еңбекақы, баспана және ертеңгі күнге деген сенімнің керектігіне көз жеткізген. Дегенмен, инвесторлар тарапынан еңбекақы төлеуде, шетелден жұмыс күшін тартуда заң бұзушылықтар орын алуда. Осы ретте федерацияда кәсіподақ қозғалысы қызметін жаңғырту бойынша “Жол картасы” жасалған. Үстіміздегі жылдың “Қауіпсіздік жылы” атануына байланысты федерация “Нұр Отан” партиясымен бірлесіп, әртүрлі тақырыпта 12 форум ұйымдастырып, ұжымдарда еңбек қауіпсіздігіне қатысты тексерістер жүргізген.
– Биыл елімізде 1400 жұмысшы өндірісте жарақат алса, оның 197-сі қайғылы аяқталды. Егер жұмыс берушілер осындай жауапсыздық танытатын болса, ертең мүгедектердің саны артуы ғажап емес. Сондықтан біз басшылардан өндіріс барысында еңбектің техникалық қауіпсіздігінің сақталуын талап етеміз, – деді Мұхтар Бәкірұлы.
Кәсіпорындардың 75 пайызы жергілікті билік органдары жариялаған тендерлердің есебінен жұмыстарын жүргізгенімен, олардың арасында кәсіподақ ұйымдарын құрмағандар бар. Осы орайда астаналық мейман Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 97-бабына сәйкес ұжымдық келісімшартқа қол қоюдан жалтарған басшыларға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті.
“Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Егор Каппель бүгінгі таңда бірлестікте ел бойынша 68 мың мүше бар болса, оған екі мыңға жуық солтүстікқазақстандықтың кіргенін атап айтты. Бүгіндері бірлестік азаматтардың мүддесін қорғау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен және “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен үшжақты келісімге қол қойған.
Жиын соңында “Жолдасбай-Агро” фермерлік қожалығының бақташысы Рауан Бралиннің кеудесіне ІІІ дәрежелі “Еңбек Даңқы” ордені тағылса, бірнеше ардагерге “Ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесі” қоғамдық бірлестігінің “Құрметті ардагер” белгісі берілді. Ал “Үлгілі” ЖШС-нің директоры Данияр Қуатбеков пен “Молсервис” ЖШС-і кәсіподақ комитетінің төрайымы Ольга Краснощек “Астанаға – 20 жыл” медаліне ие болды. Кәсіподақ қозғалысын нығайтуға белсенді атсалысқан тағы бір топ азаматқа федерацияның, республикалық салалық кәсіподақтардың және облыстық кәсіподақтар орталығының Құрмет грамоталары табыс етілді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”