«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫН ТҮСІНДІРУДЕГІ ЕНЖАРЛЫҚ

Халыққа еңбек заңнамасын түсіндіру жұмыстары өңірімізде әлі де сылбыр. Бұл жайлы облыстық прокуратура жанындағы қоғамдық кеңес отырысында мәлім етілді. Сондай-ақ, құзырлы орган мамандары құқықтық статистика және арнайы есепке алу тұрғысында да бірқатар заң бұзушылықтың бар екендігін анықтаған.

Елімізде бұқараға еңбек заңнамасының негіздерін құқықтық тұрғыда түсіндіру және оқытудың 2013-2015 жылдарға арналған іс-шаралары бекітілген болатын. Өңірімізде бұл жұмыс бүгінде 66 ұйымда жүргізілуде. Алайда, оның өзі тиісті деңгейде емес, дейді прокуратура қызметкерлері. Мәселен, аталған жұмысты мемлекеттік әлеуметтік қызмет көрсету конкурсында жеңіп алған “Рухтұлғаны дамыту және психология орталығы” серіктестігі бағдарлама шеңберінде оқылатын дәріспен аттөбеліндей ғана топты қамтыған.

– Арнайы жүргізілген тексеріс барысында дәріске ең көбі 10 адам қатысса, ең азы төртеу болған. Бұл бағдарлама талаптарын сақтамағандық болып табылады. Яғни, аталмыш серіктестік тек құжат жүзінде есеп беру үшін ғана жұмыс істеген. Ал бұқараның еңбек заңнамасы тұрғысында сауаты артты ма, жоқ па, ол жағында шаруалары болмаған сыңайлы, – дейді облыстық прокуратураның бірінші басқармасының аға прокуроры Асқар Жүнісов.  

Прокуратура қызметкерлерінің айтуларынша, өз жұмысшыларына еңбек заңнамасын құқықтық тұрғыда түсіндіруді қолға алған кәсіпорындардың барлығы облыс орталығы мен оған жақын орналасқан аудандардікі. Ал шалғайдағыларында мұны ойлап жатқандар жоқтың қасы. Қоғамдық кеңес отырысында қаралған екінші мәселе азаматтар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың инновациялық мүмкіндіктеріне қатысты болды. Бұл ретте еліміздің Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті “Бизнес тірегі” және “Айқын” жобаларын іске қосқан. Мақсат кәсіпкерлік саласына қатысты үздіксіз тексерістердің санын қысқартып, мемлекеттік органдардың бизнеске тосқауыл қоюларына жол бермеу болып табылады.

– “Бизнес тірегі” бағдарламасын жүзеге асыру барысында жоғарыда аталған комитетке 1,5 жыл ішінде өңір кәсіпкерлерінен 50-ден астам шағым түсті. Олардың дені заңсыз тексерістерге қатысты. Арнайы жүргізілген зерттеу барысында арыздардың жартысынан астамы расталып, заң бұзушылыққа жол бергендер жауапқа тартылды, – дейді Бас прокуратура құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасының бөлім бастығы Айдар Мұқанов.

Самат ШАЙМЕРДЕНОВ,

 журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp