Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстары жайлы айтылды. 2021 жылға арналған іс-қимыл жоспары бекітіліп, соған сәйкес ай сайын басқарма қызметкерлері “Адал көмек”, “Ашық бюджет”, “Antikor.live” жобалары бойынша халық алдында онлайн форматта түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Басқармада мемлекеттік сатып алу және қаржылық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар да өз деңгейінде атқарылған көрінеді.
– Мемлекеттік еңбек инспекторлары басқармаға келіп түскен азаматтардың 896 жазбаша өтініші мен арызын қарады. Сондай-ақ облыс кәсіпорындары мен ұйымдарының қызметіне 203 тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасын бұзудың 542-і фактісі анықталған, соның 306-сы еңбек қатынастары бойынша, 235-і еңбекті қорғау қауіпсіздігі, ал біреуі жұмыспен қамтуға қатысты, – деді брифингте сөз алған инспекция басқармасының басшысы Марат Омаров.
Марат Қосылұлының сөзінше, жұмыс берушілерге анықталған кемшіліктерді жою туралы 144 ұйғарым берілген. 101 лауазымды және заңды тұлға жалпы сомасы 24,6 млн. теңгеге айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 15,1 млн. теңге айыппұл өндірілді. 5,1 млн. теңге сомасындағы айыппұл бойынша ерікті төлем мерзімі аяқталмаған. Ал 4,4 млн. теңге мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жіберілген.
– 2021 жылы жалақыны уақтылы төлеу мәселесі бойынша 31 ұйым тексерілді, жұмыс берушілер 1838 қызметкерге 235,25 млн. теңге берешек екені анықталды. Жалақы бойынша берешек кәсіпорын басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 10,6 млн. теңгеге айыппұл салынды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 1838 қызметкердің құқығы қорғалып, оларға 235,25 млн. теңге толық төленді, – деді басқарма басшысы.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.