“Ақында адамзаттан дос болмайды”.
Мағжан.
Өлең бе?
Өлең осы өр тұлғалы,
Шер тұнған шертерімнің шертілді әні.
Қалайсың,
Қызылжардың қайыңдары –
Есілдің ерке сылқым толқындары?!
Әуелде жаратқан соң көшелі ғып,
Жұлдыз боп жарқыраған деседі жұрт.
… Мағжанның бұйра-бұйра шаштарындай,
Солтүстік аспанында көшеді бұлт.
Осы елдің шыққан жолға күнін ертіп,
Жүректің жырына елтіп,
Мұңына елтіп.
… Найзасын «Батыр Баян» жарқыратып,
Қобызын Қойлыбайдың күңірентіп.
Тұратын тауқыметтен тағдыры әрбір,
Тамызда ерте жауған таңғы қар бұл.
… О, Мағжан, сенің күнің жалғыз-ақ күн,
О, Мағжан, сенің жырың – жалғыз-ақ жыр.
Дүние дүрбелеңнен қашқанда сын,
Өтіпті аласармай асқар басың.
Әлемнің ақынында сен айтқансың,
«Ақында адамзаттан дос болмасын».
Келген жаз,
Келген көктем,
Келген әр күз,
Өлеңді шын талантқа өрде жазғыз!
«Ақында адамзаттан дос болмайды»,
Ағатай,
Сен де жалғыз,
Мен де жалғыз.
Көңілде төрсің ағам,
Өрсің ағам,
Еліңе беріп кеткен ен сыбағаң.
Ай етіп алақанда аялайын,
Жырыңның жалғыз жолын берші, маған!
Сен салған жалғандағы әні мұңның,
Сүйетін терегінің тамырын күн.
…Шер-ғалам түсінбейді ақын жанын –
Бер, маған бір тамшысын жарығыңның.
Аялап опа таппай аяр таңды,
Жырыммен толтырайын қай ортаңды?
Жанымның жалғызы сен,
Ақын аға –
Тағайын жұлдыз жүзік,
ай алқаңды…
Мақпал МЫСА.