«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНҒА БАТҚАН ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ

Көптен бері айтылып жүрсе де, ащы ішектей созылып, шешімін таппай келе жатқан «бас аурудың» бірі – жол. Елді мекендерді бір-бірімен байланыстырып, қыж-қыж қайнаған тынымсыз тіршілікке өшпес нәр беріп жатқан күре жолдардың қадір-қасиетін оның бейнетін тартып жүрген ауылдықтардан артық ешкім біле қоймас. Әсіресе жауынды, боранды күндері қатынау азаппен тең. Қызылжар өңірінде күрмеуі тарқатылмаған осынау өзекті проблеманы шешу үшін қыруар қаржы бөлінгенімен, көп жерлерде жолдың сапасы адам төзгісіз.

Облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырымға жетеғабыл. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шор­тыбаевтың мәліметтері бойынша былтыр 208 ша­қырым республикалық, 630 шақырым жергілікті маңыздағы, сондай-ақ 170 шақырым ауылішілік жол қалпына келтірілген. Биыл 800 шақырым жол жөнделмек. Соның ішінде А-13 автожолы бойын­ша («Кішкенекөл–Бидайық» бағыты) тендер өткізіліп, нәтижесінде 67 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілмек. Алайда тұрғындар тарапынан жиі түсетін арыз-шағымдарға қарағанда облыс ор­талығынан шалғай орналасқан аудандар мен ауылдардағы жолдың ахуалы көңіл көншітеді деп айту қиын.

Уәлиханов ауданында сегіз жылдан бері пер­зентхана жоқтығынан босанатын мезгілі жетіп, толғағы қысқан аналар Ақжар, Тайынша ауданда­рына болмаса Петропавл қаласына сабылуға мәж­бүр. Жауынды-шашынды күндері ой-шұңқыры көп қырық құрақ жолмен Қулыкөл-Мортық-Кіш­кенекөл бағыттары бойынша қатынау–бір мұң. Газет-журналдың, хат-хабардың, сәлемдеменің кешігіп жеткізілуі де қалыпты құбылысқа айнал­ған. Бір жылдары тендер жеңімпазы атанған маң­ғыстаулық ұйым айналма жол салуға кірісіп, жерді қазып тастаған. Содан не жаңа асфальт тө­селмей, не айналма жол салынбай, қызметін адал атқармағаны үшін келісімшартты бұзуға тура кел­ген. Осындай жағдай тағы қайталанғалы тұр. Олай дейтініміз, «Дәуіт-Талшық-Кішкенекөл- Бидайық» бағытындағы жолға күрделі жөндеу жұмыстарын 2023-2025 жылдар аралығында аяқ­тау көзделгенімен, қазіргі қимыл тасбақаның ми­мырт жүрісінен аумайды.

Сөзіміздің дәлеліне «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Еркебұлан Мәмбе­тов пен Дмитрий Колоданың Премьер-ми­нистрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалынан нақты мысалдар келтірейік. Хатта шалғайдағы Ақжар мен Уәлиха­нов аудандары үшін Ресей Федерациясымен қа­рым-қатынас маңызды саналатыны, алайда шека­ралас аймақтағы жол жайы мүлдем сын көтермейтіні айтылған. Саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының орындалуы барысын тексерген халық қалаулылары сайлаушылармен кездескен. Бас мердігер – «Атырауинжстрой–АИС» ЖШС-ның 26,2 шақырым жолға жүргізіп жатқан жөн­деуін көзбен көріп, көптеген олқылықтарды анықтаған. Мәселен, жобаның жалпы құны 11,3 млрд. теңгені құраса, 2025 жылға дейін игеріл­гені–бар-жоғы 1,6 млрд. теңге. Биыл республика­лық бюджеттен қарастырылғаны–10 млн.теңге ғана. Бұл қаражат құрылыс-монтаж жұмыстары­ның базалық қажеттіліктерін өтеуге де жетпейді.

Көлік және Қаржы министрліктерінің, сон­дай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның ақпаратына сәйкес, биыл А-13 «Көкшетау-Кішкенекөл-Бида­йық-РФ шекарасы» 156-182 шақырымдық бірінші учаскенің және А-13 «Көкшетау-Кішкенекөл-Би­дайық-РФ шекарасы» 182-213 шақырымдық екін- ші учаскенің күрделі жөндеуін қаржыландыру Қазақстанның Даму банкінің (ҚДБ) қаражаты есебі­нен (8,6 млрд.теңге) жүзеге асырылмақ. Алайда бүгінге дейін тиесілі қаражат толық түспегендік­тен, мердігер ұйымдар орындалатын жұмыстар көлемін қысқартып, құрылысты тоқтатуларына тура келген. Салдарынан шарттық міндеттемелер уақтылы орындалмай, күрделі жөндеуді іске асыру мерзімі кейінге шегерілген.

Қаржыландырудың жоқтығына қарамастан «Көкшетауавтодорог» ЖШС өз есебінен екінші учаскенің күрделі жөндеуін жүргізіп жатыр. Жар­ты млрд. теңгеге жуық құрылыс-монтаж жұмыста­ры төлемсіз орындалған. Өкініштісі сол, қосалқы мердігерлік, материалдар жеткізуші және көлік компаниялары алдындағы берешек 400 млн. тең­геге дейін шарықтап шыға келген. Білікті маман­дардың кетуі, құрылыс техникаларын обьектілер­ден әкету, мердігерлік жұмыстардың қысқаруы орын алған. Жағдай осылай жалғаса берсе, оның ақыры құрылыс көлемінің ұлғайып, жобалардың қымбаттауына соқтыруы әбден мүмкін.

Қыркүйек айында ҚДБ желісі бойынша жоба­ларды қаржыландыру қайта басталғанымен, «Аты­рауинжстрой-АИС» ЖШС әлі күнге дейін шарт­тық міндеттемелерді орындауға асығар емес, осы себепті жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Атап айтқанда, айналма жол сапасыз салын­ған, тапсырмаларды орындаудың нақты кестесі жасалмаған, жолдарды қысқы күтіп-ұстау деңгейі төмен.

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалы ди­ректорының орынбасары Қанат Өсербаевпен ха­барласып, мән-жайды білмек болғанымызда ол да олқылықтардың орын алып отырғанын растады. Автожолды күрделі жөндеу, сапалы аяқтау қара­жатқа тіреліп отырғанын жасырмады. Бірақ аудан тұрғындары күткен жауап–қаржы қашан бөлі­нетінін нақты айта алмады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan»

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp