«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ИНСПЕКТОРЛАРҒА ҮЛГІ

Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен етене жақын жұмыс істейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде учаскелік инспектор заңдылықтың сақталуына жауапты. Ауыл тұрғындары барлық мәселелерін инспекторларға айтады.

Ерсайын Ғаббасұлы Сембинді Мағжан Жұмабаев ауданының үлкені мен кішісі тегіс біледі десек артық айтқандық болмас. Ол 30 жылдан астам уақыт жергілікті тұрғындардың тыныштығын күзетті. Әскери борышын өтеп, 1973 жылы туған жерге орала сала Булаев аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы ведомстводан тыс күзет бөлімшесінің 2 разрядты милиционері болып жұмысқа орналасады. Кейін учаскелік инспектор қызметіне кіріседі. 1975 жылы Булаев ішкі істер бөлімі  Ерсайын Сембинді уәкілетті учаскелік инспектор қызметіне ауыстырады. Милиция кіші сержанты осылайша Қарақоға ауылдық округіндегі міндетін атқаруға кіріседі.

Ауыл инспекторына қарамағындағы аумақтың тұрғындарын түгел білу керек. Әрқайсысының тілін табу маңызды. Шаруашылық мәселелері болсын, отбасындағы жағдай болсын, қылмыс болсын бірден білек сыбана кіріскен жөн. Ең бастысы тұрғындардың сеніміне ие болып, құрметіне бөлену жас учаскелік инспектордың алдына қойған негізгі міндет еді. 

Жұмыс уақыты таңның атысынан, күн батқанша созылатын. Көбіне бір-бірінен алыс орналасқан елді мекендерде қызмет істегендіктен демалыссыз жұмыс істеуге тура келді. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін ол 1979 жылы облыстағы үздік учаскелік инспектор деп танылды. 

Ерсайын Ғаббасұлы Қарақоға ауылдық кеңесінен бөлек, Лебяжинский мен Пролетарский ауылдық округтеріне де қызмет көрсетті. Бұл ауылдардың да тұрғындарын жақсы танитын. Сондықтан қылмыс жасалса, үйінде отырып-ақ кім істегенін біліп қоятын. Жертөледен банкалар жоғалса, мал ұрланса күдікті бірден анықталатын.

Қызмет еткен жылдары оған мал ұрлаушыларды, адам өлтірушілерді ұстауға тура келген. Ол қоғамда резонанс тудырған ондаған қылмысты ашты. 1990-шы жылдардағы тұрақсыздық, жалақының кешіктірілуі, байланыстың болмауы сияқты қиын уақытта милиция қатарында тек жігерлілер ғана қалғаны белгілі. Олардың арасында Ерсайын Сембин де бар. Адал қызметі үшін  Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасы мен «Милиция үздігі» төсбелгісіне ие болды. Алғашқылардың бірі болып «Еңбегі сіңген учаскелік полиция инспекторы» төсбелгісін алды. 2000 жылы бір лауазымда көп жылдар еңбек еткені және жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін оған полиция подполковнигі атағы берілді. Ерсайын Ғаббасұлы 2005 жылы құрметті демалысқа шықты.

Отбасы құқық қорғау органы қызметкерінің өмірінде маңызды орын алады. Шаңырақтағы береке мен тәртіп полицейдің қызметтік міндеттерін ойдағыдай атқаруына септігін тигізеді. Ерсайын Сембин әрдайым өзінің жары Руза Мұхамедқалиқызына сенім артты. Қиын кезеңдерде жарына қолдау көрсетіп, әрқашан жанынан табыла білді. Ол – екі баланың әкесі. Балаларын тәртіпке,  адалдыққа, әр іске жауапкершілікпен қарауға тәрбиеледі. Қызы нотариус, ұлы әскери-тергеу басқармасында аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші болып жұмыс істейді.

Мамырдың 29-ыЕрсайын Ғаббасұлы70жасқа толған мерейтойын атап өтеді. Бұрынғы әріптестері оған мықты денсаулық, ұзақ өмір, баянды бақыт тіледі.

Динара САҒЫНДЫҚОВА,

облыстық полиция департаменті

баспасөз қызметінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp