Қызылжар ауданында мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында жас педагогтардың слеті өтті. Дәстүрге айналған шараға өңірдің түкпір-түкпірінен 50 ұстаз келген.
Шараға елімізге танымал 10-нан астам спикер қатысты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академияның аға ғылыми қызметкері Меруерт Өмірәлиева еңбек жолын енді бастаған жастарды заман талабына сай ұстаз болуға, уақытты қалай үнемдеуге үйретті.
– Жас мамандарға толып жатқан техникалардың ішінде дұрысын таңдауға көмектесемін. Бұл – біздің жұмыста ең маңызды факторлардың бірі. Жас маман толағай табысқа жетуі үшін әрқашан ізденісте болуы қажет, – дейді ол.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Червонный орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Аружан Камелованың ұстаздық жолды бастағанына 3 жылдан асқан. Айтуынша, осы уақыт ішінде мұғалімдіктің біраз қыр-сырын үйренген.
Жас мамандар 2 күнге ұласқан қызықты бағдарламалардың нәтижесінде түрлі мәліметті игерді.
Облыста 12 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. 2400-ге жуығы – жас маман.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».