«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР – АДАЛДЫҚ ЖАҒЫНДА

Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына белсенді қатысатын студенттердің ата-аналары марапатталуы мүмкін. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де  “Casual Fraiday” үлгісінде кездесу өткізген  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бастығы Ернар Баянғазин осындай ұсыныс айтты. 

Кездесу барысында Ернар Баян­ғазин өңірімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алу бойынша  атқарылып жатқан жұмысқа тоқталса, жоғары оқу орнының ректоры Серік Өмірбаев  академиялық адалдық   қағидаты бойынша жұмыс істеп жатқанда­рын тілге тиек етті. Студенттер ара­сын­да “Оқытушылар студент­тер көзімен” атты сауалнама жүр­гізу, “Таза сессия” акциясын өткізу дәстүрге айналған. Сонымен қа­тар сенім телефоны іске қосылып, туындаған мәселені ректордың блогына  да жазуға  болады.

– Өткен жылдан бері М.Қозы­баев атындағы СҚМУ – академия­лық адалдық лигасының мүшесі. Оның талаптары жоғары оқу ор­нының ішкі құжаттарына енгізілді.  Студенттердің жазба жұмыс­та­рында плагиатты анықтау үшін ан­типлагиат жүйесі жұмыс істейді. Осы оқу жылында емтихан­дар­дың 90 пайызы жазбаша түрде жүр­гізілетін болады. Барлық жаз­ба­ша емтихандар штрихкодпен құпияландырылады да, тексеру­шілер қай студенттің жұмысы еке­нін білмейді, – деді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің академия­лық мәселелер жөніндегі прорек­торы­ның міндетін атқарушы Жанар Таласпаева.
Кездесуден кейін қонақтар   “QYZYLJAR” студенттерге қызмет көрсету және тіркеу орталығының жұмысымен танысты. Бұл орта­лық­тың мақсаты – “бір терезе” қағидаты бойынша жедел және са­палы қызмет көрсетуі. Қызмет көр­сету электронды кезек тәртібімен жүзеге асырылады.
Университет жанынан  ашыл­ған “Sanaly urpaq” жобалық кеңсе­сінің  бастамасымен өткен жылы  “Адалдық дүкені” жұмыс істеген болатын. Ал  биыл “Өзің оқысаң, өз­геге табыс ет” қағидасына негіз­делген буккроссинг аймағы құры­лыпты.
– Бұл жерге заманауи  көркем әдебиеттер жинастырылған. Жо­ға­ры оқу орнының кез келген қыз­меткері мен студенті өз кітабын  осы жерде тұрған көркем әдебиет­пен  алмастыра алады. Тек оқып болғаннан кейін кітапты қайта ор­нына қою  керек. Бұл жерде қазақ, орыс және ағылшын тілінде 150 кітап бар. Осылайша, кітап оқу мә­де­ниетін және адалдықты  қалып­тастырғымыз келеді, – деді Бог­дан Петров.

 

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp