
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында өңіріміздің өткен жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің орындалуы, жастар саясатының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Үстіміздегі жылдың өткен алты айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14,4 пайызға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 12,4 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 3,6 пайызға, бөлшек сауда 3,2 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 2,2 пайызға артты. Ал құрылыс жұмысының көлемі 1,1 пайызға төмендеген. Облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпова еңбекақы мәселесіне де тоқталды. Бүгінгі таңда өңірімізде ең жоғарғы еңбекақы Петропавл қаласы мен Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудардарда тіркелген. Ал ең төменгі еңбекақы көлемі Уәлиханов пен Айыртау аудандарына тиесілі. Салалар бойынша көлік және қоймалау кәсіпорындарында, қаржы және сақтандыру қызметінде жұмыс істейтіндерге облыстық деңгейден 1,7 пайызға жоғары еңбекақы төленеді. Ал жылжымайтын мүлікпен жұмыс істейтіндер, әкімшілік және көмекші қызмет көрсету саласындағылар мардымсыз жалақы алады екен.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өз ойын білдірген өңір басшысы Есіл, Жамбыл, Шал ақын және Мамлют аудандарының өнімді жұмыс істей алмай отырғанын сынға алды.
– Осы жылдың басында аудан әкімдеріне ай сайын жұмыстарына талдау жасалатынын ескерттім. Кейбір аудандарда жұмыс қарқыны төмен екенін көріп отырмыз. Бұл облыстың экономикасына кері әсер етуде. Жергілікті жерде жаңа жұмыс орындары ашылмаса, тұрғындардың табысы көтерілмесе, тұрғын үйлер салынбаса, ауыз су мәселесі шешілмесе аудан әкімдеріннннннің нашар жұмыс істеп отырғаны, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов жоғарыда аталған аудандар бойынша тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.
Облыстық жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулинаның айтуынша, өңіріміздің әр бесінші тұрғыны 14-29 жас аралығындағылар. Өңірімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 2,9 пайызды құрады. Қабылданған тиісті шаралардың арқасында бұл көрсеткіш 2,5 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жыл сайын 350-ге жуық жас маман ауылдық жерге барады.
– Біз жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетуге барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Дегенмен де, мемлекеттік органдар ауылды жерлерде жастар жұмыссыздығын төмендетуге бағытталған шараларды қалай жүзеге асырып жатқанын анықтау үшін мониторинг жүргізулеріңіз қажет. Жергілікті жерлерде мәселелер туындап жатса, аудандар тиісті жұмыстарды атқармай жатса, оны ашық айту керек, – деген өңір басшысы Құмар Ақсақалов ауылдарға барған жас мамандар көп жағдайда азын-аулақ еңбекақыға үй жалдап тұруға мәжбүр екенін атап өтті. Осы орайда жауапты басқарма жастарға қатысты мәселелерде олардың мүддесін қорғауы тиіс екенін қадап айтты.