Астанадағы “Нұр әлем” павильонында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Жастар жылының” салтанатты түрде ашылуын өңір жастары облыстық әкімдікте және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де тікелей эфирден тамашалады.
Нұрсұлтан Әбішұлы “Жастар жылында” өскелең ұрпаққа қолдау көрсетудің қарапайым, тиімді жолдарын қарастыру керектігін айта келіп, еліміздің табысқа жетуі үшін бірқатар саланы дамыту қажет екеніне тоқталды. Соның ішінде ауыл шаруашылығын қолдаудың маңыздылығы жайлы айтты. Жалпы елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға айрықша назар аударылуда. Осы мақсатта биылғы оқу жылында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде агротехнологиялық факультет ашылған болатын. Бұл мамандық бойынша оқып жатқан студенттер Елбасының салтанатты шарада сөйлеген сөзіне қатысты өз пікірлерін білдірді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлуі біз сияқты студенттерге көп пайдасын тигізеді деген сенімдеміз. Жақында жарық көрген “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында алманың Қазақстан жерінде бүр жарып, дүниежүзіне таралғаны жайлы айтылған болатын. Неге бізге алдағы уақытта осы мәселені терең зерттеп, жаңғыртпасқа?! Елімізде мал және өсімдік шаруашылықтарын ілгерілету мақсатында қайтарымсыз несиелер беру қарастырылып жатыр. Мемлекет ұсынған осы мүмкіндіктерді орнымен пайдаланып, саланың дамуына үлесімізді қосуымыз керек, – дейді “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 1-курс студенті Шыңғыс Оразмаханов.
Жиында баса мән берілген жайттардың бірі – жастардың жұмыссыздық мәселесін шешу. Елбасының тапсырмасы бойынша алдағы уақытта жұмыссыз жастардың санын жылына бір пайызға қысқарту бағытында тиімді шаралар қабылданатын болады. Өңір өрендері бұл жайтқа да оң көзқарастарын білдіріп, үлкен үміт күтуде.
– Жастарды жұмыспен қамту – әрқашан күн тәртібіндегі мәселелер қатарында. Елбасы елімізде 300 мың адам немесе жастардың тоғыз пайызы жұмыссыз екенін айтты. Бүгінде өңірімізде кәсіптерін ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар саны көбеюде. Жиында айтылған міндеттерді жүзеге асыру – еліміздің әрбір ұланының міндеті, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың маманы Руслан Самаев.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, Жанаргүл МЕЙРАМ, “Soltústіk Qazaqstan”.