«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШАТЫН ТЫҢ ЖОБА

Қоғамға пайдалы жобаларды іске асыруға болатын алаң іспеттес “Жастар кадрлық резерві – 2014” жобасының қорытындысы бойынша бес жерлесіміз ақтық сынға шықты. Олар алған білімдерін іс жүзінде қолдану мақсатында мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компанияларда бір ай тағылымдамадан өтті. Солардың бірі – петропавлдық Рүстем Байжанов.

– Рүстем, алдымен “Жастар кадрлық резерві – 2014” жобасының көздеген мақсатына тоқтала кетсеңіз.

– Кадрлық резерв – қызметке үміткер азаматтардан құралған тізім. Мұндай тізімдер базасы жас мамандар арасында да бар. Оның өмірге келгеніне бес жыл болып қалды. Осы уақыт ішінде ол өзінің тиімділігі мен нәтижелілігін көрсетті. Бұған дейін облыс орталығында жастар саясатымен айналыса жүріп, қала әкімдігінде бес жылдай қызмет еткенімде аталмыш жобаға қатыспақ ойым болған еді. Бірақ түрлі себептермен тың жобаға қатыса алмадым. Былтыр уақытымды бөліп, өзімді сынап көрдім.

Былтыр мамыр-маусым аралығында өткен іріктеуде еліміздің барлық аймағынан қатысқан 3146 үміткердің тек 641-і келесі “Сұхбаттасу” кезеңіне шақырылды. Біздің облыста бағы жанғандардың саны 37 болды. Облыстық кезеңнің ақтық сынына шыққан 5 үміткер жоба аясындағы үш кезеңде оқыту модульдерін үйренуге, тренингтер, мастер-кластар, дәрістер мен семинарларға қатысуға, әртүрлі мемлекеттік кәсіпорындардың басшылығымен кездесуге, бизнес пен ғылымға және әлеуметтік ұйымдармен жұмыс жасауға мүмкіндік алды. 4 күн бойы шетелдік мамандар курс өткізді. Білім беру модульдері аясында еліміздің ең мықты деген топ-менеджерлері және мемлекеттік қызметкерлерінің мастер-кластарына қатыстық. Курстың ұйымдастырылуы мен ондағы қаралған тақырыптардың мазмұндылығы тұлғаның қалыптасуы мен кәсіби дамуына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.

– “Жастар кадрлық резервінің” назарына іліккендердің болашағы туралы не айтасыз?

– Бұл шара қолға алына бастаған уақытта ұйымдастырушылар бармақ басты, көз қыстымен жақсы қызметке орналасудың жолын кеседі деп сендірген болатын. Мәселен, жиырма шақты қызметкері бар мекемеде барлық жұмысты тек 3-4 адам ғана атқарып, қалғандары босқа жүр делік. Міне, жобаның бір бағыты – осы олқылықты жойып, білікті мамандар даярлау. “Жастар кадрлық резервінің” тағы бір мақсаты – жастарға мүмкіндік беріп, тәжірибе жинақтауға жәрдемдесу.

Кейбір жастар бұл жобаны табысты қызметке орналасудың бірден-бір жолы деп түсінеді. Бұл дұрыс емес. Нарықтың дәурені жүріп тұрған заманда жобаның қатысушысына ешкім де қызметке тұрасың деп кепілдік бере алмайды. Берілген мүмкіндікті тиімді пайдалану әркімнің өзіне байланысты.

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ.

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp