«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ

“Елу жылда – ел жаңа” дегендей, Қазақстан Республикасы өзін тәуелсіз, зайырлы, демократиялы ел деп жариялағалы бері саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени салада тұрақты дамып келеді. Осының нәтижесінде әрі заманның талабына сәйкес жаңашылдықтың жаршысы, өзгерістердің бастамасы болған реформалар жүзеге асырылуда.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізді өркениетті мемлекеттердің қатарына қосу үшін жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған Жолдауларында, Стратегияларында, бағдарламаларында даму жолдарын ұсынуда. Соның ішінде “100 нақты қадам” Ұлт жоспары – елімізді дамытуға бағытталған маңызды құжат.

Себебі, ол әлемдік және ішкі сын-қатерлерге тойтарыс бере алады. Ендеше тиімді жоспармен елімізді күрделі кезеңнен сүріндірмей, үнемшілдікпен өтеміз деген сенім бар. Осының барлығын жүзеге асыруға алдымен кімдер білек сыбана кірісуі қажет? Әрине, мемлекеттік аппарат. Жоғарыда аталған құжаттың бірінші реформасы кәсіби мемлекеттік аппарат құру еді. Маңызды құжатта: “Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс”, – делінген. Сондай-ақ, төменгі лауазымдардағы үміткерлерді реттеу және мансаптарының сатылы өсуіне назар аударылған. Мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданғандардың ішінен “жүзден – жүйрігін, мыңнан – тұлпарын” таңдап алу үшін үш сатылы іріктеу жүйесі “3+3 формуласы” бойынша орталықтандырылмақ. Яғни, алғаш мемлекеттік қызметке енушілер үшін міндетті түрде сынақ мерзімі болады. Бұл талап мемлекеттік қызметке өмірбаяны мен географиясына қарап емес, қабілет-қарымы бойынша алу тәртібін енгізудің бірден-бір жолы болмақ.  

Менің ойымша, аталмыш реформаның жаңашылдығы – мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын қызметінің нәтижесіне орай өсіру. Мемлекеттік қызметшінің еңбекақысы жеке жылдық жоспарды орындауына байланысты болса, онда қалтасының қалыңдауы да, тапқанының қапқанына жетпеуі де тікелей өзіне байланысты болмақ. Бұл өнімді еңбек етуге ынталандырары сөзсіз. Сонымен қатар, “100 нақты қадамда” “Ауыстырылатын мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз пәтерлерді міндетті түрде беру” туралы айтылған. Үш жылда бір рет кәсіби шеберлікті арттыру үшін мемлекеттік қызметшілерді тұрақты түрде оқыту жүйесі заңдастырылмақ.

Заң демекші, аталмыш Ұлт жоспарында “Заңның үстемдігін қамтамасыз ету” арқылы сот жүйесіне өзгерістер енгізу туралы да айтылған. Әсіресе, мемлекеттік қызметтегі сот орындаушылар институтын қысқартып, жеке сот орындаушылар қызметін дамыту мәселесіне басымдық беріп отыр.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап облыстық әділет департаменті жеке сот орындаушыларының аумақтық бөлімдерінің қызметтерін қалыптастыру үшін ауқымды жұмыс атқаруда. Мәселен, атқарушылық іс жүргізу бойынша мемлекет кірісіне өндіріп алу жұмысы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Департамент жеке сот орындаушыларының бос лауазымды орындарына үміткерлерді қабылдау мақсатында облыстың жоғары оқу орындарында дәрістер өткізіп тұрады. Сондай-ақ, бізде қайта қабылданған сот орындаушыларының біліктілігін арттыру мақсатында тәлімгерлік институты құрылды.

Жалпы құрылғанына тоқсан жылдай болған қазақстандық әділет органдары осы уақыт ішінде қалыптасудың қиын да күрделі жолынан өтті. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының әділет органдары – жергілікті жерлерде тұрақты жұмыс істеп, маңызды мемлекеттік тапсырмаларды атқаратын көпфункционалды үлкен тетік. Мысалы, заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікке құқықтарды, жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық актілерін, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады, құқықтық көмекті ұйымдастыру және заңгерлік көмек көрсету, құқықтық насихатты қамтамасыз етеді; зияткерлік меншік құқығын қорғауды және Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген өзге де тапсырмаларды қамтамасыз етеді. Біз қай уақытта да Елбасының барлық бастамаларын қолдай отыра, енгізілген өзгерістер мен жүзеге асырылып жатқан реформалардың өзімізге қатысты тұсын мүлтіксіз орындаймыз. Себебі, әрбір қазақстандық, кез келген мемлекеттік орган өзіне артылған міндетті жауапкершілікпен атқаруы тиіс.

Ернар СЕЙДІМБЕК,

облыстық әділет департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp