«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жауапкершілікпен атқарылған іс баянды

Еліміздің бірнеше өңірінде жылу беру маусымы басталды, жақын күндері оңтүстік облыстарда да жылу беріледі. Қыстың қамын жазда ойлаған жауапты мекемелер маңызды кезеңге дайындық тыңғылықты жүргенін айтады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының басталуы мен мемлекеттік орман қорын ұлғайту шараларына байланысты мәселелер қаралды.

Энергетика министрлігінің мəліме­тінше, бүгінгі таңда авто­номды қазандықтардың дайын­дығы 100 пайыз қамтамасыз етіліп, 19,9 мың шақырым электр желісінде, 376 қосалқы стансада, 4 046 тарату бекеті мен трансформаторларды жөн­деу аяқталды. 535 шақырым жылу желісі жаңғыртылды, бұл – жоспардың 98,5 пайызы. Қа­зіргі уақытта білім беру мен ме­дициналық мекемелер, сон­дай-ақ еліміздегі тұрғын үй қо­рының 99 пайыздан астамы жылу беру маусымына толық дайын.

Осы орайда Өнеркəсіп жəне құрылыс министрі Қанат Шар­ла­паев инженерлік желілер мен автономды жылу энергия көзде­рінің дайындығы қалыпты еке­нін баяндады. “Сумен жабдық­тау желілерінің 1 025 шақыры­мы немесе жоспардың 90 пайы­зы жөндеуден өтті, су бұру желі лерінің 159 шақырымы немесе 98 пайызы жөнделді. Сондай-ақ республика бойынша жылыту маусымына 12 мыңнан аса ав­тономды қазандық дайындал­ды. Білім беру, денсаулық сақ­тау жəне тұрғын үйлердің дайын­дығы 100 пайызды құрай­ды”, – деді министр.

Олжас Бектенов барлық жөндеу жұмыстарының мерзімі мен нормаларын қатаң сақтау­дың маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда жылу көздерінің ре­зервтік жабдықтарын жаңғырту жалғасуда, жоспарлы жобалар іске асырылып жатыр. “Ауқым­ды жұмыстар атқарылды. Оны бөлінген қаржы мөлшерінен де, жүргізілген жұмыс көлемінен де байқауға болады. Енді ең бас­ты­сы – жылу беру маусымын қа­лыпты деңгейде өткізіп, жоспар­ланған барлық талаптарды сақ­тай білу. Коммуналдық кəсіп­орындардың жөндеу бөлімше­лерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Олар кез келген жағдайға шұ­ғыл əрекет ету үшін дайын бо­луға тиіс. Əкімдерге жылу беру маусымының барысын жеке бақылауда ұстауды тапсыра­мын”, – деп атап өтті Олжас Бек­тенов.

Премьер-министр халықты қолжетімді көмірмен қамтама­сыз ету қажеттігін де атап өтті. Өңір əкімдіктеріне Өнеркəсіп жəне құрылыс, Көлік министр­лік­тері­мен бірлесіп, коммунал­дық, тұр­мыстық көмірді жеткізу бойын­ша барлық мəселені шешу тап­сырылды. Көмірді ва­гон­дармен тасымалдауға ба­сым­дық беру қажет. Олжас Бек­тенов тұрғын­дар көмірді тұрақ­ты бағамен са­тып алуына еш­қан­дай кедергі бол­мауы керек екенін атап өтті. Энергетика ми­нистрлігінің мəлі­метінше, қазіргі уақытта отын қоры жеткілікті дең­гейде. “Энер­гия көздерінің отын қоймала­рында 5,2 млн. тонна көмір, 88 мың тонна мазут жинақталған, жалпы нормаға сəйкес келеді. Тек Риддер жылу электр орта­лығында көмір қоры 20 тəулік нормадан 14 тəулікті ғана құ­рай­ды. Жинақтау жұ­мыстары жал­ғасуда. Министр­лік өңірлер бойынша бірқатар мəселені ба­қылауда ұстап отыр”, – деді А.Сəтқалиев.

Сонымен қатар Үкімет оты­рысында Мемлекет басшысы­ның мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырма­ла­рының іске асырылу барысы ту­ралы Экология жəне табиғи ре­сурстар министрі Ерлан Нысан­баев пен бірқатар облыс əкім­дері баяндады. Елімізде 2021 жылдан бері қарай шамамен 970 млн. көшет егілген. Бұл рет­те 5 жыл ішінде республиканың орманды алқаптары 267 мың гек­тарға ұлғайды. “Мемлекет басшысы 2 млрд. түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл еліміздің орман қорын 14,5 млн. гектарға дейін ұлғайтуға мүм­кіндік береді. Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, бо­лашақ ұрпақ үшін биологиялық əркелкілікті сақтау – эколо­гия­лық ахуалды жақсартуда ма­ңызды басымдықтардың бірі. Бұл – аса күрделі əрі ұзаққа со­зылатын жұмыс, оны ұдайы на­зарда ұстау қажет. Сондықтан барымызды сақтап, жерімізді жа­сыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауы­мыз керек”, – деп атап өтті Үкі­мет басшысы.

Елімізде 2027 жылдың со­ңы­на дейін тағы 1 млрд.-тан ас­там көшет отырғызып, өсіру қа­жет. Бұл міндетті іске асыру то­лығымен əкімдіктердің сапалы жұмысы мен министрлік тара­пы­нан нақты үйлестіруге байла­нысты болмақ. Осы орайда ке­шенді ғылыми тəсілді қолдана отырып, ағаш отырғызу əдіс­те­рін жетілдіру тапсырылды. Сон­дай-ақ отырғызылған ағаштардың жерсініп кету деңгейіне на­зар аударылады.

Премьер-министр əкімдіктер­дің санда бар, санатта жоқ ағаштар туралы күмəнді ақпа­рат беру фактілері кездесетінін, көзбояушылықтың жолын кесіп, кінəлілерді жауапкершілікке тарту керектігін айтты. Экология жəне табиғи ресурстар ми­нистрлігінің мəліметінше, ағаш отырғызу көлемін арттыру ша­ралары орман тəлімбақтарын да­мытуға ықпал етті. “Егілген кө­шеттердің жерсініп кетуі бойын­ша алынған деректер қолдағы бар орман тəлімбақтарының жет­кіліксіз екенін, ал оларды өсі­ру технологиясы ескіргенін көр­сетіп отыр. Осыған байланысты еліміз бойынша жалпы алаңы 1176 гектарды құрайтын қосымша 114 жаңа тəлімбақ салып, 1 орман тəлімбағын реконструк­циялау қажет. Облыс əкімдік­тері тəлімбақтарды реконструк­циялауға жəне жабдықтауға биылдан бастап 1 млрд. теңге­ден астам қаржы бөле баста­ды”, – деді Ерлан Нысанбаев.

Экология жəне табиғи ре­сурстар министрлігіне əкімдік­тер мен өзге де мүдделі орган­дармен бірлесіп биыл 1 желтоқ­санға дейін келесі жылдарға ар­налған көшет материалдары­мен қамтамасыз ету жоспарын əзірлеу тапсырылды. Орман­дар­ды өрт пен заңсыз кесуден қор­ғау шараларына ерекше на­зар аударылады. Өткен жыл­дарда болған алапат өрттер бұ­ған дейінгі өртке қарсы жүргі­зіліп жатқан іс-шаралардың мар­дымсыз екенін анық көрсетті. Осыған байланысты қазір елі­мізде орман шаруашылықта­рын, саябақтар мен резерват­тарды арнайы өртке қарсы жүйелермен, техника, жабдық­тармен қамтамасыз ету мақса­тында ауқымды жұмыс қолға алынды. Мəселен, биыл еліміз­дің орман шаруашылығы тари­хында алғаш рет 2305 өртке қарсы техника сатып алуға 52 млрд. теңге бөлінді. Бұған қоса, мемлекеттік орман қорының 900 мың гектары орман өртте­рін ерте анықтау жүйесімен қам­тылған. Мысалы, Бурабай ұлт­тық паркінде орнатылған ерте хабардар ету жүйесінің арқа­сын­да орман өрттерінің орташа ауданы 50 есеге қысқарды. Ке­лесі жылы мұндай жүйе “Семей орманы” резерватында 3,1 млрд. теңгеге енгізіледі.

Аурулар мен зиянкестердің таралып кетпеуі үшін санитар­лық жұмыстар жүргізіп, алқап­тарды жарамсыз ағаштардан тазарту қажет. Бұлар – өртенген немесе ауруға шалдыққан ағаш­тар. Біз осындай зақым келген жалпы аумақтың тек 1 пайызында ғана ағаштарды кə­деге жаратамыз. Сонымен қа­тар елімізде оталған ағаштарды қайта өңдеуге арналған жоғары шикізат базасы бар. Орман өнер­кəсібі саласына əлеуетті инвесторлар тартуға басымдық беріледі. Экология жəне табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктеріне өңір əкімдікте­рі­мен бірге, əсіресе бюджеттен тыс қаражатты тарта отырып, ор­ман мекемелеріне қажетті жаб­дықтар мен техника сатып алуды қаржыландыру шарала­рын жалғастыру тапсырылды. Сондай-ақ орман алқаптарына тұрақты мониторинг жүргізу, оның ішінде ғарыштық бақылау жүргізілуге тиіс.

(“Egemen Qazaqstan”,

9 қазан 2024 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp