Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен Ресейдің Зауралье халықтарының ассамблеясы арасында өзара әріптестіктің орнағанына бес-алты жылдың жүзі болды. Екі жақтың қоғамдық институты содан бері бір-бірлерімен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Оның барысында біз елдегі оң өзгерістерден әріптестерімізді үнемі құлағдар етіп отырамыз. Оған Қорған облыстық “Новый мир” қоғамдық-саяси газетіне жолдаған мақалам дәлел. Ондағы мақсатым ассамблеямыздың жұмысын ресейліктерге насихаттау болып табылады.
“Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен газет-журналдар 15 тілде жарық көрсе, радиохабарлар – сегіз, телехабарлар жеті тілде беріледі. Елдегі мектептердің 88-інде сабақтар толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілдерінде өткізілсе, 108 мектепте 22 этностың тілдері өзіндік пән ретінде оқытылуда. Сонымен қатар, бүгінде Қазақстанда 195 мамандандырылған лингвистикалық орталық жұмыс істеуде. Онда тек балалар ғана емес, аға буын өкілдері де 30 этностың тілдерін меңгеру мүмкіндіктеріне ие болып отыр.
Мәдениет саласында да ауыз толтырып айтар жаңашылдықтар бар. Ел бойынша қазақ, орыс театрларынан бөлек өзбек, ұйғыр, кәріс және неміс театрлары да тұрақты жұмыс істеуде.
Қазақстанды мекендеген өзге этностар заманауи әдеби оқулықтардан да кенде емес. Жыл сайын түрлі ұлттардың тілінде бірнеше кітаптар жарыққа шығарылып тұрады.
Қазақстан халқы бірлігі күні Масленница, Сабантой секілді жалпыұлттық мейрамдар да Ассамблея өкілдерінің қатысуымен кең көлемде аталып өтілуде”. Міне, осының бәрін атап көрсеттім.
Зейнолла НҰРЛАНОВ,
“Urpag” мәдени-ағарту орталығы
төрағасының міндетін атқарушы.